ТОҒЫЗКЕНТ ТҰРАҚТЫ ДАМУ ЖОЛЫНДА
Сарысу ауданына қарасты Тоғызкент ауылдық округіне Тоғызкент, Әбілда және Майлыкөл елді мекендері қарайды, – деп хабарлайды «Taraz24newskz» ақпарат агенттігі.
Ауылдық округтің халық саны – 2 159 адам. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Тоғызкент ауылдық округінің әкімі Медет Күзембаев айтты.
Спикердің сөзінше, ауылдық округ тұрғындары негізінен малшаруашылығымен айналысады. Бүгінгі таңда ауылдық округте 2 587 мүйізді ірі қара, 26 234 қой-ешкі, 1 418 жылқы бар. Округтегі 46 шаруа қожалықта 102 адам еңбек етеді. Оның 50 пайызы, яғни 23-і мемлекеттік бағдарламаларға қатысуда. Мүйізді ірі қара малын асылдандыру бойынша 11, қой малын асылдандыру бағытында 13 шаруашылық жұмыс жүргізуде.
Округте 89 416,04 гектар жайылымдық жер болса, оның 615 713-і жайылымдық жер. Ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерін тиімді пайдаланбай отырған шаруа қожалықтарға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, тізімі Сарысу ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне жолданды. Өткен жылдың қорытындысымен 3 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Жыл басынан бері барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде тұрғындар мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қайтарымсыз грант алып, тірлігін дөңгелетуде. Сондай-ақ өткен жылы 35 жасқа дейінгі жастарға берілетін жеңілдетілген несиені 5 азамат алды.
«Жайылымдарды суландыру» бағдарламасы аясында былтыр 37 ұңғыма қазылып, шаруалар игілігін көруде. Өткен жылы ауылдық округтегі «Әсем», «Мержан» және «Елнар» шаруа қожалықтары лизинг арқылы барлығы 6 ауылшаруашылық техникасын алды. Жалпы ауылдық округ бойынша 2010 жылдан бері 20 трактор мен 16 қосалқы техника лизингке алынды. Биыл «Думан» және «Ермұқан» шаруа қожалықтары лизингке трактор алу үшін құжаттарын рәсімдеуде, – деген Медет Әбдікерімұлы 19 адам тұрақты жұмысқа орналасқанын айтты.
Сондай-ақ 64 адам уақытша жұмыспен қамтылса, қоғамдық жұмыспен 21 адам, «Жастар тәжірибесімен» 4 адам қызметке тартылған. «Бастау-бизнес» жобасы аясында 11 адам сертификат алған.
- Ауылдық округте 19 көше болса, 18-і жарықтандырылған. Өткен жылы Тоғызкент ауылындағы Бекпенбет көшесіне күн көзімен қуатталатын жарықшам орнатылды. Елді мекендерде 16 көше асфальтталған. Биыл Тоғызкент ауылындағы Есмырза көшесі мен Т.Әубәкіров көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылды. Әбілда мен Майлыкөл ауылдарындағы бір-бір көше асфальттауды қажет етеді. Тоғызкент ауылындағы ауызсу жүйесінің тозуына байланысты былтыр ауызсу жүйесін жаңарту жұмыстары жүргізіліп, биыл пайдалануға берілетін болады. Ауылдық округ ұялы байланыспен толық қамтамасыз етілген, – деді М.Күзембаев.
Спикердің айтуынша, ауылдық округте мемлекеттің қолдауымен бірқатар жұмыс атқарылыпты. Атап айтар болсақ, Үшарал-Тоғызкент бағытындағы 10,5 шақырым облыстық мәндегі автокөлік жолына орта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар Тоғызкент ауылының Сапақ Датқа, Төреқожа, Бекпенбет, А.Ахметұлы және Ұлбике көшелері орта жөндеуден өткен. Сонымен қатар Тоғызкент ауылының шығыс жағынан көлемі
1 гектар «Жасыл белдеу» қорғаныш алқабы салынып, 800 түп қарағай көшеті егіліпті. Биыл 1 500 түп тал егу жоспарланған. Тоғызкент ауылының ауызсу жүйесін қайта жүргізу жұмыстары басталып, биыл толығымен аяқталады. Сол секілді Жамбай баба көшесіндегі саябаққа балалар ойын алаңшасы мен «Street Workout» орнатылған.