BASTY BETBILİKBUL KIM?JAŃALYQTAR

ПРЕЗИДЕНТ АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ БЕРІК УӘЛИДІ ҚАБЫЛДАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен танысты, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.

Кездесу барысында Президентке 2025 жылдың қорытындылары мен биылғы төрт айдағы негізгі экономикалық нәтижелер туралы есеп берілді.

Берік Уәлидің айтуынша, өткен жылы облыстың жалпы өңірлік өнімі 3,9 триллион теңгеге жеткен. Ал 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,8 пайызды құраған. Инвестиция көлемі 19,4 пайызға өсіп, өнеркәсіп, өңдеу секторы, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларында оң өсім сақталған.

Әкім Мемлекет басшысына инвестициялық жобалар жөнінде де баяндады. Соңғы бір жылда инвестициялық пулдағы жобалар саны 29-дан 112-ге дейін көбейген. Жалпы инвестиция көлемі 2,2 триллион теңгеден 4,4 триллион теңгеге дейін артқан.

Ірі жобалардың қатарында құны 577,5 миллиард теңге болатын «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы бар. Сондай-ақ Семейде 714 миллиард теңгеге жаңа жылу электр орталығы мен 255 миллиард теңгелік тау-кен байыту комбинатының құрылысы жүзеге асырылып жатыр.

Президентке арнайы экономикалық аймақ құру жөніндегі жұмыстар туралы да мәлімет берілді. Семей қаласында құрылуы жоспарланған аймақта жалпы құны 400 миллиард теңге болатын өндірістік жобалар іске асырылып, шамамен 2500 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қазірдің өзінде үш ірі жоба бойынша ұсыныстар түскен.

Кездесуде Алакөл туристік аймағын дамыту мәселесі де қаралды. Биыл жағалау инфрақұрылымын жаңғыртуға 15,4 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде электр желілерін тарту мен Үржар әуежайының терминалын реконструкциялауға Арнаулы мемлекеттік қордан 11,6 миллиард теңге қарастырылған.

Берік Уәли өңірдегі инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары туралы да баяндады. Атап айтқанда, сумен жабдықтау, кәріз және жылу желілерін жаңғырту, Семейдегі жаңа көпір құрылысын аяқтау, тұрғын үй және жол инфрақұрылымын дамыту жобалары таныстырылды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге инвестиция тартуды күшейту, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Сондай-ақ Президент «Абайға құрмет» акциясын жоғары деңгейде өткізудің маңызын атап өтті.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *