BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ЕЛОРДАДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӨНДІРІСТІК ЖОБАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫН ТЕКСЕРДІ

Премьер-министр Олжас Бектенов Астанаға жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының нақты секторды дамыту, өнеркәсіпті ілгерілету, инфрақұрылымды күшейту және агроөнеркәсіптік кешенде қайта өңдеуді тереңдету жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын қарады, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.

Сапар аясында Үкімет басшысы бірқатар нысандарды аралады. Олардың қатарында логистикалық орталық, медициналық бұйымдар шығаратын зауыт, сондай-ақ нан-тоқаш, сүт және ет өнімдерін өндіретін кәсіпорындар бар.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елорданың экономикалық өсімі жоғары қарқынды сақтап отырғанын және еліміздің жетекші іскерлік орталықтарының бірі ретіндегі рөлі нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы өңірлік жалпы өнім көлемі 18,9 трлн теңгеге жеткен. Ел бюджетіне инвестиция тарту бойынша Астана республикада көш бастап тұр. Биылғы төрт айдың өзінде 587 млрд теңге инвестиция тартылып, оның басым бөлігі жеке сектор есебінен қалыптасқан. Қалада бүгінде 246 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп, шамамен 560 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. ШОБ үлесі рекордтық деңгейге — 66%-ға жеткен.

Сондай-ақ 2026 жылы елордада 26 өнеркәсіптік жоба іске қосылмақ. Биылдың өзінде 8 жоба пайдалануға беріліп, жүздеген жаңа жұмыс орны ашылған. Жыл соңына дейін тағы 18 жоба жүзеге асып, мыңға жуық жұмыс орны құрылуы жоспарланып отыр.

«Technodom» көтерме-бөлшек сауда кәсіпорнының логистикалық орталығында қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту жобалары таныстырылды. Жалпы аумағы 22 мың шаршы метрден асатын орталық 11 мың паллеттік орынға есептелген. Мұнда температуралық режим сақталатын арнайы аймақтар да қарастырылған. Кәсіпорын тәулік бойы жұмыс істеп, толық логистикалық циклді қамтамасыз етеді. Қазір орталықтың қуаттылығы толық жүктелген, қызметін бірқатар ірі компаниялар пайдаланып отыр. Мұнда 200-ден астам жұмыс орны бар.

Сонымен қатар жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып жатқан логистикалық парк жобасы таныстырылды. Аумағы 223,1 гектар болатын бұл кешенге 300 млн теңгеден астам инвестиция бағытталған.

Астанада Wildberries Kazakhstan компаниясының ірі логистикалық хабының құрылысы да жүріп жатыр. Жалпы аумағы 160 мың шаршы метр болатын нысан 6 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жобаның инвестиция көлемі — 47,7 млрд теңге, пайдалануға берілуі 2027 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.

Олжас Бектенов логистикалық инфрақұрылым ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, транзиттік әлеуетті күшейтудің негізгі тетігі екенін атап өтті. Сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллект бағытындағы басымдықтарды ескере отырып, процестерді автоматтандыру мен цифрлық шешімдерді енгізудің маңызын айтты.

Медициналық бұйымдар шығаратын «Heart Center Foundation» зауытында Үкімет басшысы өндірістің іске қосылу барысымен танысты. Кәсіпорын №1 индустриялық парк аумағында орналасқан. Инвестиция көлемі шамамен 5,1 млрд теңгені құрайды. Мұнда донорлық ағзаларды сақтауға арналған ALEM атты медициналық құрылғы өндірісі жолға қойылмақ. Бұл технология трансплантология саласында жаңа мүмкіндіктер ашып, донорлық ағзалардың сақталу уақытын ұзартады.

Зауыт отандық шикізатты пайдаланып, өндірісті толық локализациялауға бағытталған. Жоба толық қуатқа шыққанда жылына ондаған құрылғы мен миллиондаған медициналық контейнер шығаруға мүмкіндік береді.

RnR Group кәсіпорындарында нан-тоқаш және сүт өнімдерін шығару бағытындағы өндіріс таныстырылды. Жобалардың жалпы құны 8,8 млрд теңгені құрайды. Өндіріс тәулігіне ондаған тонна өнім шығаруға қауқарлы.

«Астана ЕТКОМ» ет өңдеу зауытында да өндірістік үдерістер көрсетілді. Кәсіпорын тәулігіне 50 тоннаға дейін өнім шығарады. Шикізат отандық өндірушілерден алынады. Алғашқы кезеңде 100 жұмыс орны ашылып, толық қуатқа шыққанда 300-ге дейін жетеді.

Олжас Бектенов агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда терең өңдеудің маңызы зор екенін атап өтті. Үкімет ауыл шаруашылығын қолдауды күшейтіп, ветеринария мен инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық беріп отыр.

Сапар соңында Премьер-министр Президент жүктеген міндеттердің айқын екенін атап өтті. Оның айтуынша, Астана ел үшін үлгі болатын даму қарқынын сақтап, инфрақұрылым, өнеркәсіп, логистика және әлеуметтік салаларда алдыңғы қатарда болуы тиіс.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *