ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ: ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТТЫҢ ЖҮЙЕЛІ ШАРАЛАРЫ МЕН НӘТИЖЕЛЕРІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау аясында әлеуметтік сала мен еңбек нарығын сапалы трансформациялауға бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Үкіметтің негізгі басымдығы – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, азаматтарға тең мүмкіндік беру және нәтижелі жұмыспен қамтуды ынталандыру. Бұл ретте мемлекеттік қолдаудың проактивті және атаулы моделіне көшу, кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасау, сапалы жұмыс орындарын құру шаралары іске асырылуда. Сонымен қатар, еңбек құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету және әлеуметтік әріптестікті нығайту бағытында нақты қадамдар жасалуда.
Әлеуметтік қолдау жүйесі де жаңғыртылып келеді. Жыл сайын шамамен 4,5 млн адамға зейнетақы, жәрдемақы және өзге де төлемдер уақтылы төленеді. Биылғы жеті айдың ішінде ғана 3,4 трлн теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды. Әлеуметтік көмектің атаулы бағыты күшейтіліп, отбасылардың нақты қажеттілігін бағалауға мүмкіндік беретін жаңа скорингтік модель енгізілді.
Инклюзивті ортаны қалыптастыру бағытында да жұмыстар жүргізілуде. «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы мүгедектігі бар азаматтарға оңалту құралдарын таңдау мүмкіндігі беріліп, қолжетімділік деңгейі артты. Сондай-ақ кедергісіз орта құруға қоғамдық бақылау күшейтіліп, жаңа оңалту орталықтары ашылды.
Еңбек нарығында Президент тапсырған межеге сай 2029 жылға дейін 3,3 млн азаматты жұмыспен қамту шаралары жалғасуда. Биылдың өзінде 480 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты. Жастарды жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлікті қолдауға және сапалы жұмыс орындарын ашуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігі мен заңнаманы жетілдіру шаралары жүргізілуде. Мемлекеттік еңбек инспекциясы жүргізген тексерулер нәтижесінде жалақы бойынша берешектер өтеліп, қызметкерлердің құқықтары қорғалды. Өндірістегі жарақат алу жағдайлары да азайып келеді.
Көші-қон саясаты аясында еңбек күші артық аймақтардан тапшылық бар өңірлерге қоныс аударуды ынталандыратын жаңа тетіктер енгізілді. «Экономикалық ұтқырлық сертификаты» шеңберінде тұрғын үй сатып алуға қаржылай қолдау көрсетілуде.