ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСТАҒЫ ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ӘСКЕРИ ПАРАДҚА ҚАТЫСТЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Екінші дүниежүзілік соғыстағы және жапон басқыншылығына қарсы күрестегі Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты әскери парадты тамашалады. Шара Қытай астанасы Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында өтті, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Парадқа ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен бірге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және Еуропа, Азия, Африка мен Латын Америкасының жиырмадан астам елінің мемлекет және үкімет басшылары қатысты.
Әскери шеруге 10 мыңнан астам жауынгерді қамтыған Қытай халық азаттық армиясының 45 әскери құрылымы жұмылдырылды. Салтанатты шара барысында құрлық, теңіз және әуе кеңістігінде қолдануға арналған жаңа стратегиялық қару-жарақ түрлері алғаш рет көрсетілді.
Сондай-ақ 4-ші буын қару түрлері, ұшқышсыз ұшатын және ұшқышсыз аппараттарға қарсы қолданылатын қорғаныс техникалары, бағытталған энергия қаруы сынды заманауи ұрыс құралдары таныстырылды.