МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН МӘДЕНИЕТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АШЫЛУ РӘСІМІНЕ ҚАТЫСТЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапары аясында Бейжіңде Қазақстанның мәдениет орталығы ашылды. Мемлекет басшысы бұл оқиғаны қос халықтың рухани өміріндегі маңызды қадам деп бағалады, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы салтанатты жиында мәдени орталықтың ашылуын тарихи оқиға ретінде атап өтіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтатын маңызды қадам екенін жеткізді. Сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге, ҚХР Мәдениет және туризм министрі Сунь Елиге және осы іске үлес қосқан барлық азаматтарға алғыс білдірді.
Сапар барысында Президент Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 44 миллиард долларға жеткен. Мемлекет басшысы биыл да өзара сауда көлемі төмендемейтінін, инвестициялық байланыстардың нығайып жатқанын айтты.
Президент екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың халықтар достығын бекемдейтінін атап өтті. Оның пікірінше, өнер мен мәдениет түрлі халықты жақындастыратын алтын көпір болып саналады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасының тұрақты өсіп келе жатқанын айтып, биыл жалпы ішкі өнімді 300 миллиард долларға жеткізу көзделіп отырғанын жеткізді. Бұл мақсатқа жету үшін көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, өңдеу өнеркәсібі және жасанды интеллект салаларына басымдық берілмек.
Орталықта кітапхана, қазақ тілі, музыка және шығармашылық кабинеттері, көрме залдары жұмыс істейді. Экспозицияда Қазақстан тарихынан сыр шертетін археологиялық жәдігерлер, зергерлік бұйымдар мен этнографиялық экспонаттар қойылған. Сонымен қатар кітапхана қорында қазақ, қытай, ағылшын және орыс тілдерінде мыңға жуық кітап бар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет орталығында қазақ тілін үйреніп жүрген балалармен тілдесіп, домбырамен қазақ және қытай әуендерінен попурри тыңдады. Сондай-ақ мәртебелі меймандар қытайлық балалардың қатысуымен өткен киіз басу шеберлік сабағына куә болды.
Сапар соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның достары клубы өкілдерімен және Қытайда елші болған азаматтармен кездесті.