ЖАМБЫЛДЫҚ ШАРУАЛАР АЛҚАП БАСЫНДА
Қыстың қамын жазда ойла. Жамбыл ауданында көктемгі дала жұмыстарын сәтті бастаған шаруалар әлі де тынбай алқап басында еңбек етуде. Биыл ауданында 53 гектарға егін егілген. Оның 7200-і көкөніс болса, 300 гектары бақша өнімдері, – деп хабарлайды «Taraz24newskz» ақпарат агенттігі.
Жамбыл ауданына қарасты Қызыл қайнар ауылының кіреберіс тұсына биыл 6,5 гектар аумаққа алма ағашы отырғызылған. Тұрғындардың айтуынша, бұрын Жасөркен ауылы дәмді алмасымен көпшілікке мәлім болған. Биыл сол жұмыстар қайта жанданып, ауданға инвестор тартылып, 2100 түп алма көшеті отырғызылыпты. Алдағы уақытта 250 тонна көкөніс сақтайтын қойма соғу да жоспарда.
- Қазіргі кезде алманы сақтауға қойма салу және соған керек электр желісін тарту жұмыстары, сызбаларын, рұқсат қағаздарын алып жүр. Ал өнімді екі жылдан кейін береді дейді еккен агрономдар. Сондай-ақ жерден сынамалық қорытындысы да алынған, экспертизадан да өткен, екі жылдан кейін алма өнімін береді деп жоспарлап отырмыз – дейді Қызылқайнар ауылдық округі әкімінің орынбасары Нұрлан Рахманалиев
Ал Жалпақтөбе ауылындағы шаруалардың басым бөлігі сәбіз, жусай мен пияз егеді. Биыл да ауылдық округ бойынша 625 гектар жерді сәбіз, 336 гектар аумақты пияз алып жатыр. Қазіргі таңда егінжаймен айналысатын ауыл тұрғындары арық-атыздарды тазалау жұмыстарына кіріскен. Солардың бірі Ақбұлақ шаруашылығы.
- Қазіргі таңда ескі арықтардың барлығын трактормен қаздырып, 20 гектарға суармалы жерді дайындап отырмыз, сәбізге. Енді былтыр дайындадық, биыл да соны жалғастырудамыз. Былтыр соның арқасында өніміміз жақсы болды. Сататынын саттық, сатпағанын холодильникке сақтады,- дейді «Ақбұлақ» шқ жетекшісі Сейфулла Таштанбеков
Ауданда ауыл шаруашылығы саласында жаңашыл техниканы қолданатындар да қатары артқан. Полатқосшы ауылдық округінің өзінде 6 шаруа қожалық су үнемдеу технологиясын пайдалануда. Оның үшеуі «Кең дала» бағдарламасы бойынша мемлекеттік субсидияға өтінім берген.
Айта кетейік, биыл вегетациялық кезеңде 90,0 мың гектар суармалы алқап сумен қамтамасыз етілмек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 мың гектарға аз. Облыс бойынша су беру қызметі 10 әкімшілік аудан бойынша жүргізілген. Оның ішінде 5 аудан ішкі су көздері есебінен. Қалған 5 аудан Трансшекаралық су көздері есебінен алынбақ. Мамандардың сөзінше биыл су қоймалары жоспар бойынша су жиналған. Тіршілік нәрінен тапшық болмайды дейді.