BASTY BETBİLİMJAŃALYQTARАймақ

ШАРУАЛАРДА ШЕШІЛМЕГЕН МӘСЕЛЕ КӨП

Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Оның ішінде атадан балаға мирас болып келе жатқан мал шаруашылығы мен егін саласының айтарлықтай үлесі бар. Картоп және сүт өнімдерімен аты шыққан Жуалы ауданы бұл үдеден қалыс қалған емес. Алайда, саланың дамуына серпін беріп отырған шаруалардың көкейінде көптеген күрмеулі жайт бар, – деп хабарлайды  «Taraz24newskz» ақпарат агенттігі.     

Ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі мәселелердің бірі – жұмыспен қамту. Жуалы ауданында қазіргі таңда 2300-ден астам шаруа қожалығы бар. Әр шаруа қожалығында бес немесе он адамнан жұмысшы болады. Шаруа қожалықтарына жұмысшы алу мәселесі мансап орталықтарымен жүргізіледі. Шаруа қожалықтарында жұмыс істеп жатқан жұмысшыларға мемлекет тарапынан 29 000 теңгеден жалақы төленеді. Ал қалған соманы қожалық иесі арадағы келісім бойынша өзі төлейді. Барлық шаруа қожалықтары өз жұмысшыларын ресми түрде тіркегісі келеді. Ал, мансап орталықтары жұмысшылардан диплом талап етеді. Жұмысшылар әртүрлі жұмыстарды атқаратын болғандықтан, оларда белгілі бір салаға маманданған диплом жоқ. Тым болмаса кәсіби техникалық білім бойынша немесе колледжді аяқтағанын растайтын диплом болуы тиіс деген талаптары бар.

  • Біз ауыл шаруашылығы бөлімі болғандықтан, шаруалардың талап-тілегін тыңдауға міндеттіміз және оларды қолдауымыз қажет. Өзіңіз ойлап көріңізші, дипломы бар адам мал бақпайды. Дипломы бар болса әртүрлі жұмыс істеуге мәжбүр болмас еді. Біз, ауыл шаруашылығы бөлімі мансап орталығынан осындай жұмысшылардың, яғни малшылардың, егіншілердің ресми түрде жалақы алып, зейнетақы қорына қаражаттарын жинап, медициналық сақтандыру бойынша барлық көмекті емін-еркін алуы үшін оларды ресми тіркеп беруін сұраймыз, – дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев.

Біріншіден, жұмысшыларды шаруа қожалықтарына ресми түрде тіркеп берсе ауданның жұмыспен қамту бойынша көрсеткіші де жоғары болар еді. Екіншіден, жұмыс беруші мен жұмыс алушының арасында келісімшарт болған жағдайда жауапкершілік ұлғая түседі. Барлығы заңды болғандықтан, жұмыс беруші де, жұмыс алушы да өз жауапкершілігінен жалтара алмайды.

Ауданда бізді алаңдатқан екінші мәселе – ауыл шаруашылығы техникасына қол жеткізу. Қазіргі таңда техника алу бойынша түрлі бағдарламалар бар. Мұндай бағдарламалар шаруалар үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау. Былтыр техниканы жаңалау көрсеткіші 11 пайыз болса, биыл мұны 14-15 пайызға жеткізу көзделген. Шаруалар техниканы «Аграрлық несиелік корпорация» және «Қазагроқаржы» корпорациялары арқылы алып жатыр. Қазіргі таңда қазақстандық өнім отыз пайызға субсидияланады. Жақында шетелдік техниканы субсидиялау тоқтатылды. Шаруалар аграрлық несиелік корпорациядан 22 пайызбен несие алады. 22 пайыздың 16 пайызын мемлекет төлейді. Алты пайызы шаруалардың өзіне қалады. Мұндағы түйіткілді бөлім басшысы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

  • Жергілікті бюджетте қаражат болмаған жағдайда 16 пайызды алты пайызға қосып шаруаның өзі төлеуге міндетті. Алайда, жергілікті бюджетке қаражат келгеннен кейін 16 пайыз шаруаның өзіне мемлекет тарапынан қайтарылады. Шаруалардың сұранысы мынадай. «Неге «Қазагроқаржы» корпорациясына аталған 16 пайыз соманы тікелей аударып, шаруалардың құзырына алты пайызды төлеуді қалдырмасқа?» Шаруалардың арасында аталған 16 пайыз мемлекет тарапынан 1-1,5 жылға дейін төленбеген жағдайлар кездесті. Бұл олар үшін үлкен салмақ. Шаруалар бұл қаражаттың өздеріне кейін міндетті түрде қайтарылатынын жақсы біледі. Бірақ, бір мезетте соншама соманы төлеу қалтаға әжептәуір салмақ салады, – дейді бөлім басшысы.

Үшінші мәселе – су тапшылығының жылдан жылға үдеп бара жатқаны. Қазіргі таңда ауа райы күн санап құбылу үстінде. Аудан бойынша 8600 гектар суармалы алқап бар. Олар Ақсай және Көксай каналдары арқылы суарылады. Қазір осы екі канал жөнделіп жатыр. Шаруалар бұған дән риза. Дегенмен, атап өткеніміздей, су жылдан жылға азайып барады. Бала кезімізде таулардың арасында қалың мұздықтар болатын. Олар шіліңгір шілдеде ғана еритін. Өкінішке қарай, қазір жыл сайын жауатын қардың да көлемі азайып кетті. Осыған байланысты егінмен айналысатын шаруалар тамшылатып суару және жаңбырлатып суару жүйелерін жетік меңгеру үстінде. Қазір мемлекет тарапынан құдық, яғни, ұңғыма қазуға 80 пайызға дейін субсидия беріліп жатыр. Бұл Су ресурстары және ирригация министрлігінің тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау. Субсидияның 50 пайызы республикалық бюджеттен, 30 пайызы жергілікті бюджеттен бөлінген. Шаруалар тамшылатып және жаңбырлатып суаруға да құдық қазуға берілген секілді 80 пайыз субсидия берілсе дейді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *