ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ: БІРГЕ АРТТЫРАЙЫҚ!
Тараз қаласының көпбалалы аналары өздерінің қаржылық білімдерін жетілдіре түсті. Оған себеп болған Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы шеңберінде «Елу жылда – Ел жаңа» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Қаржылық сауаттылықты арттыру» тақырыбындағы семинар. Іс-шара Жамбыл облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында өтті.
Қазіргі уақытта адамдар кездескенде, әңгіме тақырыбы бірден-ақ несиеден-несие, қарыз жайына ойысады. «Бүгін несие алып, несиені жаптым» деген әңгіме былай қарағанда күлкілі жағдай болғанымен, бұл таза шындық. Қарыздан-қарызға өмір сүруге мәжбүрлеген не? Әрине, баға қымбаттығы, жалақының аздығы деген жауаптар айтылатыны сөзсіз. Алайда мәселенің екінші жағы қолдағы барды ұқсата алмауда жатқан секілді. Отбасы бюджетін жоспарлай білу әр отбасы үшін маңызды. Аналар басқосқан жиында аталған ауқымды тақырып кеңінен талқыланып қана қоймай, арнайы шақырылған маман мәселенің мән-жәйіне тереңірек тоқталды. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы, экономика PhD докторы, бизнес-тренер Гүлзат Искакова қыз-келіншектерге қаржылық сауатсыздықтың салдары қандай нәтижелерге алып баратыны, қаржыны дұрыс игеру жолдары, жеке тұлғалардың банкроттығы, отбасы бюджетін жоспарлаудың қыр-сырыН да жан жақты түсіндіріп берді.
Нарықтық экономикаға бағытталған ел болғандықтан, қаржылық сауаттылықты меңгеру қажеттілік болып табылуда. Жиында мұнан өзге қаржылық сауаттылық дегеніміз не? Бұл сіздің өміріңізге қалай әсер етеді? Қаржылық жағдайыңызды қалай жақсартуға болады? Төлем қабілетсіз несие мәселелерін қалай шешуге болады? Семинарға қатысқан әйел-аналар мен қыз-келіншектер осы сынды сауалдарды жолдап, сұрақтарға жауап берілді.