BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ТОҚАЕВ ПЕН ПУТИН САУДА ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, жасанды интеллект пен жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу AI Journey 2026 жасанды интеллект форумының қарсаңында Кремльде өтті. Әңгіме барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытудың маңызына тоқталды.

Мемлекет басшысының айтуынша, биыл елімізде Жасанды интеллектіні дамыту жылы жарияланып, осы бағытта бірқатар жұмыс атқарылған. Соның нәтижесінде Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту рейтингінде 24-орыннан 16-орынға көтерілген.

Президент Ресейдің жоғары технологиялық компанияларының Қазақстандағы қызметіне де оң бағасын берді. Әсіресе, «Сбер» мен «Яндекс Қазақстан» компанияларының жұмысын атап өтіп, олардың еліміздегі қызметіне қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Ресейдің жоғары технологиялық бизнесі Қазақстанда кеңінен танымал. “Сберді” және елімізде ең үлкен жұмыс берушілердің бірі саналатын “Яндекс Қазақстан” компаниясын айрықша атап өткім келеді. Аталған бизнес өте жақсы дамып жатыр. Ресейлік компанияның біздің нарықтағы қызметіне көңіліміз толады, оларға барынша қолдау көрсетеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымын 30 миллиард долларға жеткізу бағытындағы жұмыстар сөз болды. Президенттің мәліметінше, екі елдің күн тәртібіндегі 178 бірлескен жобаның 124-і жүзеге асқан. Қалған жобалар іске асырылу кезеңінде немесе жақын арада аяқталмақ.

Өз кезегінде Владимир Путин екіжақты қарым-қатынастың барлық бағытта қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасындағы тауар айналымы өсіп, ұлттық валюталармен есеп айырысу үлесі 90 пайыздан асқан.

Кездесу барысында  мемлекет басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайту мәселелерін де қарастырды. Атап айтқанда, энергетика, өндіріс, ауыл шаруашылығы және көлік-логистика салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру жайы талқыланды.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *