ТОҚАЕВ ПЕН ПУТИН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ МЕҢГЕРГЕН ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин Мәскеу қаласында жасанды интеллект саласында жетістікке жеткен жастармен кездесті. Жиын AI Journey 2026 халықаралық конференциясы аясында өтті, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге Қазақстан, Ресей және Үндістаннан келген оқушылар мен студенттер қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында жеңімпаз атанған жасөспірімдерді форумға қатысу мүмкіндігіне ие болуымен құттықтады. Мемлекет басшысы талантты жастардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуына жағдай жасау аға буынның міндеті екенін атап өтті.
– Аға буынның парызы – талантты жастардың кәсіби тұрғыдан шыңдалуына жағдай жасау. Бұл, шын мәнінде, мемлекеттік маңызы бар міндет. Біз сіздердің ешқандай қиындықсыз лайықты білім алып, осы күрделі әлемде мемлекеттеріміздің өсіп-өркендеуіне және қауіпсіздігіне өз үлестеріңізді қосу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту Қазақстанның стратегиялық басымдықтарының бірі екенін жеткізді. Оның айтуынша, биыл елімізде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» жарияланып, осы салаға қажетті заңнамалық негіз қалыптастырылды.
– Жасанды интеллектінің серпінді дамуы Үкіметке жаңа міндеттер жүктейді. Әлі жасы жиырмаға да толмаған өскелең ұрпақтың баянды болашағы үшін аянбай еңбек етеміз. Өмірлерің алда, келешектің келбетін айқындау сіздердің қолдарыңызда. Қазақстаннан келген азаматтарды ресейлік достарымызбен, серіктестерімізбен тығыз жұмыс істеп, өркениет жолына бірге қадам басуға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан кейін кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасты. Жастар мемлекет басшыларымен пікір алмасып, жасанды интеллектіні ғылымда, білім беруде, медицинада, экономикада және өнерде қолдану мүмкіндіктері жөніндегі ойларын ортаға салды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жас қатысушыларға білімге деген құштарлықтарын жоғалтпай, жаңа жетістіктерге жете берулеріне тілектестік білдірді.
