BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚАЗАҚСТАН 2027 ЖЫЛДЫҢ СОҢЫНА ДЕЙІН 3G ЖЕЛІСІНЕН ТОЛЫҚ БАС ТАРТПАҚ

Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін 3G мобильді байланыс желісін толық тоқтатып, 4G және 5G технологияларына көшуді жоспарлап отыр. Нәтижесінде мобильді интернет елдегі ауылдардың 92 пайызында қолжетімді болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, қазір Қазақстандағы ауылдардың 84 пайызында мобильді интернет бар. Ал 2027 жылдың соңына дейін 4G желісі 5 291 ауылды, 5G желісі 70 қала мен 300 ауылды қамтуы тиіс. Қазіргі уақытта 3G базалық стансалары жаңартылып, 4G желісіне көшіріліп жатыр.

– Байланыс саласын дамыту – елімізді цифрландырудың негізгі шарттарының бірі. Мақсатымыз – цифрлық теңсіздікті жою. Қай жерде тұрса да, әр азамат цифрлық мүмкіндіктерді бірдей пайдалана алуы керек. Соңғы екі жылда мобильді интернеттің орташа жылдамдығы секундына 73,6 мегабиттен 93,4 мегабитке дейін өсті, – деді Жаслан Мәдиев.

Сонымен қатар «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында ауылдарды оптикалық желімен қамту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазақстандағы 6 060 ауылдың биыл жыл соңына дейін 3 704-іне оптикалық желі тартылмақ. Ал келесі жылы тағы 1 863 ауылға желі жеткізу жоспарланған.  Нәтижесінде ауылдардың 92 пайызы оптикалық интернетке қосылады. Қалған шалғай елді мекендер спутниктік байланыспен қамтылады.

Бұдан бөлек, 2024–2025 жылдары байланыс сапасы төмен 1 052 аумақ анықталған. Оның 213-інде мәселе әлі шешілмеген. Ал биыл жүргізілген өлшеу нәтижесінде тағы  түйіткілді 289 учаске тіркеліп, соның 70-інде байланыс сапасы жақсарған.

Министрдің мәліметінше, шалғай елді мекендерді спутниктік интернетпен қамту да қолға алынған. OneWeb және Starlink операторларына лицензия берілген. Сондай-ақ Beeline мен Starlink Mobile компанияларымен бірлесіп Direct-to-Cell технологиясы іске қосылды. Бұл технология смартфонды спутникке тікелей қосуға мүмкіндік береді. Қазір қызмет Android құрылғыларында қолжетімді, ал оны iOS жүйесіне бейімдеу жұмыстары жүріп жатыр.

Келесі жылы Қазақстан нарығына Shanghai Spacecom Satellite Technology және Amazon LEO компанияларының шығуы мүмкін.  Сонымен қатар туристер жиі баратын тағы 50 нысанды мобильді интернетке қосу жоспарланған. Қазірдің өзінде теміржолдағы 1 500 жолаушылар вагонында Starlink арқылы Wi-Fi қызметі қолжетімді.

Жаслан Мәдиев байланыс тарифтеріне де тоқталды. Оның айтуынша, қараша айындағы халықаралық рейтингте Қазақстан мобильді интернет тарифтерінің қолжетімділігі бойынша 55 елдің арасында жетінші орынға жайғасқан. Елімізде мобильді байланыстың орташа айлық тарифі шамамен 10 доллар болса, әлемдік орташа көрсеткіш 27 доллар.       

Министр байланыс жылдамдығын арттырып, 5G желісін кеңейту үшін операторлар инфрақұрылымға инвестиция салуы керектігін атап өтті. Бұл ретте тарифтердің халық үшін қолжетімді болып, байланыс саласының инвесторларға да тартымдылығын сақтау маңызды екенін жеткізді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *