10 ҚАЗАН – КӘСІПОДАҚТАРЫ КҮНІ
Бүгін елімізде кәсіподақтары күні! Кез келген зайырлы қоғамда әлеуметтік тепе-теңдік пен әділдіктің салтанат құруы жолында еңбек адамының мүддесін қорғайтын кәсіподақтар қызметі елімізде соңғы жылдары күш алып, беделі артып келеді. Айтулы мерекеде шаһарда салатанатты жиын өтіп, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.
Жамбыл облысында 1400 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Оған 124 мыңнан астам азамат мүше. Олардың негізгі мақсаты еңбек адамдарының құқығын қорғау, уақытылы айлық жалақыларының берілуін қамтамасыз ету. Бүгінгі мерекелік жиында кәсіподақ ардагерлері де бой көрсетті. Ұзақ жылдар бойы кәсіподаққа мінсіз қызмет еткен жанжарға арнайы бағалы сыйлықтар табысталды.
– Еңбек адамдарының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау міндетін абыроймен атқарып келесіздер. Сол арқылы үлкен мол сенімге ие болдыңыздар. Бүгінде кәсіподақтар қозғалыстары еңбеккерлердің жұмыс орнындағы құқықтары мен еңбек қауіпсіздігінің сақталуын, әлеуметтік кепілдіктер алуын қамтамасыз етеді,-дейді Абдалы Нұрәлиев, жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы
Салтанатты жиында облысқа еңбегі сіңген 45 азамат аймақ басшысы мен кәсіподақ федерациясының «Құрмет грамотасы»,«Алғыс хатымен» марапатталды.
– Менің бұл өндірісте ламповщица болып жұмыс жасағаныма 22 жыл болыпты. Өте қуаныштымын. Бүгін марапат алып жатқаныма. Кәсіподақтар ұйымына алғысымды білдіремін,-дейді Жанар Сатыбалдиева, «алтын алмас» компаниясының қызметкері
Бұдан бөлек, Кәсіподақтар федерациясы ұйымдардың мүшелерін сауықтыру мен оқытуын біріктіруге бағытталған жобалары да таныстырылды. Жоба аясында кәсіподақ мүшелері шипажайларға барып, 10 күн ішінде қазіргі заманға сай оңалту процедураларын қабылдайды.