BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

«SEMEI» ТЕЛЕАРНАСЫ 60 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫН АТАП ӨТТІ

Абай облыстық «SEMEI» телеарнасы ақпарат айдынына шыққан 60 жыл ішінде өңірдің дамуы мен қоғамдық өміріндегі маңызды оқиғаларды жариялап, халық пен билік арасындағы байланыс арнасына айналды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

1965 жылдың 1 қыркүйегінде Семей телестудиясының алғашқы ресми хабары эфирге шықты. Бұл студия республика бойынша Алматы, Қарағанды, Өскемен және Ақтөбе телевизиялық орталықтарынан кейінгі бесінші, ал одақ көлемінде 116-шы болып тіркелді.

Бүгінде «SEMEI» телеарнасы тәулігіне 14 сағаттық эфир жүргізеді. Көрермендерге 30-ға жуық авторлық бағдарлама ұсынылады. Жаңалықтар қызметі күніне бес мәрте ақпарат таратады. Арна жұмысын жаңа деңгейге көтеру мақсатында «Digital SEMEI» шығармашылық бөлімі құрылып, жаңа медианы дамыту басталды.

Телеарна алғаш рет Қытай Халық Республикасынан тікелей ақпарат таратқан. Сондай-ақ Абайдың 180 жылдық мерейтойы кезінде арна тікелей эфир мен әлеуметтік желілер арқылы жедел ақпарат таратып, бірқатар деректі фильмдер мен тәрбиелік бағыттағы бейнематериалдар дайындады. Мерейтой қарсаңында Семей қаласындағы бір көшеге Қазақстанның халық әртісі, радио және тележүргізуші Әнуарбек Байжанбаевтың есімі берілді.

Мерейтойға арналған салтанатты жиын Абай атындағы облыстық кітапханада өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, телеарна ұжымын құттықтады. Әкім өз сөзінде телеарнаның өңірлік тарихтағы орнына тоқталып, ақпараттық саланың маңызын атап өтті.

Шара барысында саланың ардагерлері мен қызметкерлеріне Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі, Құрмет грамоталары және Алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар облыс әкімі телеарна ұжымына автокөлік кілтін тапсырды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *