Е.ҚАРАШӨКЕЕВ ҚУРАҒАН АЛҚАПТАРДЫ КӨРУГЕ КЕЛДІ
Биыл ауа-райының қолайсыздығынан өңірде су тапшылығы қатты сезілді. Жергілікті шаруалардың алқаптары бірнен соң бірі қурап жатыр. Әсіресе, биыл көлемі ұлғайған қызылша егістіктері жарамсыз күйде. Осыған орай бүгін ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевте өңірге арнайы жұмыс сапарымен келді. Диқандармен кездесіп, егін алқаптарын көзбен көрді.
Іс-сапар барысында министр алдымен «Мыхан Орда» серіктестігінің егістік алқабына арнайы барды. Биыл аталған шаруашылық 480 гектар алқапқа қызылша еккен. Алайда су тапшылығы мен көктемгі ауа райының қолайсыздығынан 450 гектар алқабы жарамсыз күйге түскен. Аталған шаруалықтың директоры Мақсұт Несіпбаев күзгі өнім жинау науқанына қазірден дайындық керектігін, бұл ретте қант зауыт әлі күнге дейін шаруалармен келісім-шарт жасамағанын жеткізді. Бұл бір шаруашылықта ғана болған жағдай емес. Сондықтан министр өңірдегі шаруа қожалық басшыларымен кездесу өткізді. Шаруалардың ұсыныстарын тыңдап, олардың өтініштерін жеке назарға алды.
– Біз мемлекет тарапынан барлық көмекті көрсететін боламыз. Сол біздің басым бағыттың бірі болып саналады. Оған көңіл аударатын боламыз. Мен өзімде қажетті қаражат резервтен ақша бөлінеді деп үміттеніп отырмын-, деді ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
Сонымен қатар, министрмен болған кездесуде жергілікті шаруалар қызылша ұрығына, сонымен қатар, әртүрлі фитосанитариялық дәрі-дәрмектерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, субсидия берілсе деген өтініштерін жеткізді. Сондай-ақ, жанар-жағармайдың бағасына қатысты да шаруалар өз ұсыныстарын білдірді. Ауыл шаруашылығы минстрі шаруалардың өтініштерін назарға алып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.