СОДА ӨНДІРЕТІН ЖАҢА ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Yildirim Holding компаниясының бас директоры Исмаил Джейлан және «Qazaq Soda» ЖШС директоры Рамазан Ибраимовпен кездесті. Жиында Сарысу ауданындағы кальцийленген сода өндіретін зауыт құрылысының барысы талқыланды.
Жаңа зауыттың өндірістік қуаты – жылына 500 мың тоннаны құрайды. Алдағы уақытта өнім көлемін бір миллион тоннаға дейін арттыру мүмкіндігі бар. Кәсіпорын ішкі нарықты толығымен қамтып, экспортқа шығаруға қауқарлы. Исмаил Джейланның сөзінше, компания жаңа технологияларды қолдану арқылы қалдықсыз өндіріс іске қоспақ.
– Жоба ешқандай кедергісіз кезең-кезеңімен жүзеге асады деп сенемін. Инвесторлар негізінен бизнестерін дамытуға мүмкіндік беретін және тиісті жағдай жасалған жерге барады. Сондықтан біз Жамбыл облысын таңдадық. Біз өзіміздің серіктестерімізге сіздермен ынтымақтастық орнатуды ұсынамыз,-дейді «yildirim holding» компаниясының бас директоры Исмаил Джейлан
Басқосуда тараптар инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жобаны іске асырудағы басқа да бірқатар мәселелерді талқылады. Бүгінгі таңда «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында нысанға электр энергиясы желісі тартылмақ.