ЕГІС АЛҚАПТАРЫ ҚУРАП ЖАТЫР
Жамбыл облысында суармалы судың тапшылығынан 12 мың гектар егіс алқабы қурап кетуі мүмкін. Әсіресе қант қызылшасын еккен диқандар дабыл қағып жатыр. Ал жауапты мекеме тіршілік нәрі Киров су қоймасында да сарқылып жатқанын мәлімдеді.
Жалпы Жамбыл облысында 181 мың га егістік алқаптың тең жартысына су жеткізе алмай отыр. Бір жарым айдан бері аймақтағы бірнеше ауданда тіршілік нәрі тапшы. Талас, Байзақ, Жамбыл мен Меркі ауданындағы дихандар кімнен көмек сұрарын білмей дал. Өңірдегі «Қазсушар» мекемесі биыл Киров су қоймасынан 560 млн текшеметр тіршілік нәрін алуға келісімге келген. Бірақ бұл мөлшер 200 млн. текше метрге кем. Бұған Қырғыз тауындағы мұздықтардың ерімеуі себеп, – дейді мамандар. Тамыздың ортасына дейін жаңбыр жаумаса, Таластан су алатын тағы үш аудан судан тапшылық көруі мүмкін.
– Бүгінгі таңда Киров су қоймасында 74 млн су қалды. Оның ішінде 50-55 млн Қазақстанға тиесілі. Енді мынау ауа-райы өзгермесе, Киров су қоймасына су түспесе 2000 гектар қызылшасы күюі мүмкін,-дейді Ерлан Өтегенов «қазсушар» РМК ОФ директоры
Шығынға белшеден батқан шаруалар өңірде төтенше жағдай жариялауды сұрайды. Сол арқылы өнімге салған шығынды өтемақы ретінде аламыз ба, деп үміттенеді.
– Ауыл шаруашылық министрлінің бұйрығымен ведомствоаралық комиссия құрылып, қаржы министрлігі, одан басқа экология және ТЖ министрлігінен комиссия келді. Соның нәтижесінде комиссия көз жеткізіп өздері көрді қандай жағдайда болып жатқанын. Осы комиссияның анықтамасы бойынша шешім қабылдайды деп ойлаймыз,-дейді Нұрби Жігітеков ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, аймақта қуаңшылықтан 12 мың гектардан аса егістік зардап шекті. Яғни су тапшылығынан аудандағы 25 ірі қожалықтың 1000 гектар егісі қурап қалған. Қазіргі есеп бойынша шаруалар шығыны 3,8 миллиард теңгеге жеткен.