Қордай ауданына көрші қырғыз елінің ауыл шаруашылығы министрі Асқарбек Джаныбеков пен Экономика министрі Данияр Амангельдиев жұмыс сапарымен келді. Нәтижесінде ауданда орналасқан біраз нысанды аралап, шаруа қожалықтардың жұмыс барысынмен танысты.
Мәртебелі қонақтар ең бірінші болып Арал ауылында орналасқан «Медет» шаруа қожалығының мал бордақылау кешеніне аттанды. Қуаты бірнеше мың бас малды бордақылауға жететін кешен қазіргі таңда ірі өндірістік орынға айналған. Өзінің жем-шөп базасы, ветеринарлық пункті бар. Қожалық басшысы Саят Жетібаев келген қонақтарға кешен жұмысын көрсетіп, жұмыс барысында өзі қолданып жатқан әдіс-тәсілдер туралы мәселен, малды ұстау, жем-шөп беру, оларды сақтау жайын айтып берді.
Іс-сапар барысында делегация атбасын бұрған тағы бір нысан, мал сою пункті болды. Аталмыш нысанға барған қонақтар цехтарды аралап, кәсіпорын қызметкерлерінің жұмысымен танысып шықты. Мал сою, етін, ішек-қарнын өңдеудің заманауи әдістері қолданылатын кәсіпорын жұмысымен танысқан делегация мүшелері, жоғары бағасын берді.