Үкімет Абай облысындағы жылу желілерін жаңғыртуға 2,5 млрд теңге бөлді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың энергетикалық жүйенің тұрақтылығын күшейту және инфрақұрылымды жаңарту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Үкімет Абай облысындағы жылу желілерін жөндеуге резервтен шамамен 2,5 млрд теңге бөлді, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған. Қаражат Семей қаласындағы жылумен қамту нысандарын жөндеуге бағытталып, алдағы жылыту маусымының үздіксіз өтуін қамтамасыз етуге жұмсалады.
Семей қаласында шамамен 340 мың тұрғын тұрады. Орталықтандырылған жылу жүйесі 70 мыңнан астам тұтынушыны, соның ішінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етеді.
Қаладағы жалпы жылу желілерінің ұзындығы 325,5 шақырымды құрайды. Оның 58 пайыздан астамы, яғни 189 шақырымға жуық бөлігі тозған күйде. Бұл инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту қажеттігін көрсетеді.
Соңғы жылдары қалада 54 шақырымға жуық жылу желісі жаңартылып, күрделі жөндеу және қайта құру жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде тозу деңгейі 75 пайыздан 58 пайызға дейін төмендеген.
2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық аясында Семейдегі жылу нысандарында бірінші кезектегі жөндеу жұмыстары атқарылды. Бұл бағыттағы қаржыландырудың 70 пайызы Үкімет резерві есебінен бөлінген.
Енді бөлінген жаңа қаражат 2026–2027 жылғы жылыту маусымына дайындық барысында ең маңызды учаскелерді жаңартуды жалғастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жылу жүйесінің сенімділігін арттырып, қысқы кезеңдегі жүктемеге төтеп беру қабілетін күшейтпек.

