TARAZ 24 ONLINE kz

ТОЙ ҚАШАН ТҮЗЕЛЕДІ?

Той – қазақтың қазынасы, ұлттың айнасы. Дәстүр мен руханияттың өзегіне айналған бұл мәдени құбылыс соңғы жылдары сын садағына жиі ілігіп жүр. Өйткені сахнасы бар, сәні жоқ, ойын-сауығы бар, ойы жоқ тойлар көбейіп кетті. Әдеп пен мәдениет шегінен асып, ел алдында есерленетін асабалар да аз емес, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Қазір әлеуметтік желілерде бейәдеп ойындар мен арсыз қалжыңдардан құралған видеолар қаптап кетті. «Күлкі» дегеннің көлеңкесінде қазақтың тойы күлкіге айналып бара жатқандай. Осыған тоқтау болсын деген ниетпен еліміз бойынша алғаш рет Асабалар одағы Жамбыл облысында құрылды. Бастаманы жергілікті әкімдік те қолдап отыр.

Мәселен, облыстың зиялы қауымы мен қоғам белсенділері Жамбыл облысы әкімі Ербол Қарашөкеевтің атына хат жолдаған.


— Қазақтың тойы бұзылып барады. Ысырапшылдық көбейіп, салт-дәстүр дарақылыққа ұласып барады. Тіпті асабалардың кейбір қылықтары TikTok-та күлкіге айналды. Бұған бір тоқтам болса екен, – дейді Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық.

Бұл бастамадан кейін аймақта алғашқы қадамдар жасалды. Өңірде асабалар арасында байқау өткізіліп, енді той тізгінін ұстайтын азаматтар арнайы іріктеуден өтіп, кәсібилігін растайтын куәлік алмақ.

Асабалар одағының төрағасы Ринат Нұрақбаевтың айтуынша, басты мақсат – заман талабына сай жаңалықты ұлттық дәстүрмен үйлестіріп, той мәдениетін жаңа деңгейге көтеру.

— Біз дәстүрді заман ағымымен үндестіруді көздейміз. Ең бастысы – халыққа бағыт-бағдар беріп, ұлт болмысына лайық той мәдениетін қалыптастыру, – дейді ол.

Қазірдің өзінде өңірдің түкпір-түкпірінен жиырмадан астам асаба одақ мүшелігіне қабылданған. Тағы бірнеше маман өтініш беріп үлгерген. Алдағы уақытта одақтың ішкі қағидалары мен кәсіби талаптары бекітіледі. Әзірге жоспар көп: үздік, шебер, қазақы және әзілкеш асабалар аталымдары енгізіліп, арнайы форум мен жаңа жобалар қолға алынбақ.

Қазақтың тойы – елдің мәдени айнасы. Ал айнадағы бейнені түзету әркімнің өзінен басталса, бәлкім, той да түзелер…

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *