«ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН» ТАҢБАСЫ ЕНДІ САПАНЫҢ ДА ӨЛШЕМІНЕ АЙНАЛУЫ ТИІС
Қазақстанда отандық өнімге деген көзқарас біртіндеп өзгеріп келеді. Ендігі міндет – тауар көлемін арттырумен ғана шектелмей, шикізат пен бөлшектен бастап дайын өнімге дейінгі өндіріс тізбегін ел ішінде қалыптастыру. Бұл бағытта отандық тауар өндірушілерді қолдауға басымдық беріліп отыр,-деп хабарлайды «Taraz24 News» ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысының отандық өндірісті күшейту жөніндегі тапсырмалары да осы мақсатқа бағытталған. Қолдау шаралары енді жекелеген көмектен гөрі кәсіпкерлерге өндірісін кеңейтуге, жаңа өнім түрлерін шығаруға, инвестиция салуға және тұрақты нарық табуға мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыруға негізделіп келеді.
Нақты нәтижелер де бар. 2024 жылдан 2026 жылдың тамызына дейін «Даму» қоры арқылы өңдеу өнеркәсібіндегі 10,3 мың жобаға қолдау көрсетілген. Бұл жобалар бойынша берілген несие көлемі 2,2 трлн теңгені құрады. Ал Өнеркәсіпті дамыту қоры 2024-2026 жылдары 153 отандық тауар өндірушіге жалпы сомасы 943 млрд теңгеден асатын қаржы бағыттаған.
Қазақстанда өндірістің өзін дамытуға да көңіл бөлініп отыр. Бірқатар салада ел қарапайым құрастырудан өнімді тереңірек өңдеуге және бөлшектерді жергілікті жерде шығаруға көшуде. Мәселен, автомобиль өнеркәсібінің жекелеген бағыттарында жергілікті қамту үлесі 40 пайызға жетсе, Wabtec локомотив зауытында бұл көрсеткіш 45 пайызды құрайды.
Сонымен бірге автокомпоненттер, теміржол техникасы, ауыл шаруашылығы машиналары, арнайы техника, металлургия және химия өнімдерін шығару бағыттары да дамып келеді.
Өндірісті ілгерілетудің тағы бір маңызды тетігі – ірі кәсіпорындар төңірегінде отандық компаниялардың қалыптасуы. Яғни қазақстандық кәсіпкерлер тек дайын өнім шығарумен шектелмей, қажетті бөлшектерді өндіру, жөндеу, қызмет көрсету және логистика секілді бағыттарға да араласуы қажет. Бұл бір ғана кәсіпорынның емес, тұтас өндірістік тізбектің дамуына жол ашады.
Мұндай қолдаудың мысалы ретінде «Өрлеу» бағдарламасын атауға болады. 2025 жылы осы бағдарлама арқылы 2 278 жобаға 588 млрд теңге көлемінде қаржы берілген. Ал 2026 жылы «Іскер аймақ» бағдарламасына 24 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл қаржы өңірлердегі шамамен 5 мың жаңа жобаны қолдауға мүмкіндік береді.
Дегенмен өндірісті қолдаудың тиімділігін тек бөлінген қаражат немесе іске қосылған бағдарламалар санымен бағалау жеткіліксіз. Негізгі көрсеткіш – ел ішінде қанша бәсекеге қабілетті өнім шығарыла бастағаны.
«Қазақстанда жасалған» деген жазу тұтынушыны отандық өнімді таңдауға шақыратын жай белгі болмауы керек. Қазақстандық тауар сапасы, бағасы, технологиясы және жауапкершілігі арқылы сатып алушының сеніміне ие болғаны маңызды.
Егер жергілікті өндірісті тереңдетіп, кәсіпорындарды жаңғыртуға және өндірістік кооперацияны дамытуға басымдық берілсе, бұл ел экономикасының құрылымына да әсер етеді. Өйткені мықты «Қазақстанда жасалған» бренді – өнімнің тек отандық екенін емес, оның артында қазақстандық мамандар, технология, инвестиция, жеткізушілер мен ел ішінде қалыптасқан қосылған құн бар екенін білдіруі тиіс.

