ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН МЕН ГЕРМАНИЯНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫН КҮШЕЙТУДІ ҰСЫНДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары және ғылыми институттарының басшыларымен кездесіп, екі ел арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, бүгінде Қазақстанның 45 университеті Германиядағы 100-ге жуық серіктеспен байланыс орнатқан. Германияда 2 мыңға жуық қазақстандық студент білім алады. Ал Қазақстанда шетелдік университеттердің 30-дан астам филиалы мен серіктестік өкілдігі жұмыс істейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды Еуразиядағы жетекші академиялық және ғылыми-зерттеу орталықтарының біріне айналдыру стратегиялық басымдық екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазір жастарды шетелге жіберумен қатар, озық халықаралық университеттердің білім стандарттары мен бағыттарын Қазақстанға әкелуге басымдық беріліп отыр.
Мемлекет басшысы екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік нәтижесінде Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында және Алматыда Қазақстан-Германия бірлескен университеттері ашылғанын айтты.
– Университеттер өндірістен алшақтап кетпеуі керек. Ғылыми зерттеулер жаңа технологияларды ойлап табуға түрткі болуға тиіс. Ал білім беру жүйесі экономиканы біліктілігі жоғары мамандармен қамтамасыз етуі қажет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев серіктестікті дамытудың үш негізгі бағытын ұсынды. Біріншісі – бірлескен білім беру бағдарламалары мен қос дипломды жобаларды көбейту, сондай-ақ студенттер мен зерттеушілердің академиялық байланысын күшейту.
Екінші бағыт – бірлескен ғылыми зерттеулер. Президент Қазақстанның Horizon Europe бағдарламасына қауымдастырылған мүше болу үшін келіссөз бастағанын атап өтті. Сондай-ақ TiBeRIUM жобасын мысалға келтіріп, ғылым мен өндірістің байланысын нығайтудың маңызын айтты.
Үшінші бағыт – технология трансфері. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржы көлемін ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына дейін арттыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар неміс кәсіпкерлерін бірлескен жобалар аясында инженерлік зертханалар мен технология трансфері орталықтарын ашуға шақырды.
Кездесуде жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. Президент AI-Sana бағдарламасы аясында 700 мың студенттің жасанды интеллект бойынша сертификатталған дағды алғанын, alem.cloud суперкомпьютер кластері іске қосылғанын және арнайы зерттеу университеті құрылғанын айтты.
– Қазақстан қолданбалы цифрлық шешімдер мен Индустрия 4.0 технологиясын сынақтан өткізетін алаң ұсынады. Технологияға әуес жастарымыз неміс компаниялары мен зерттеушілеріне сенімді серіктес бола алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазақ және неміс халықтарының арасындағы тарихи зияткерлік байланысты да атап өтті. Ол Абай Құнанбайұлының Иоганн Вольфганг фон Гётенің өлеңін қазақ тіліне аударғанын мысалға келтірді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Германия мен Қазақстанның жетекші университеттері мен ғылыми институттарының басшыларын жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
