АСТАНАДА NIS-ТІҢ XV ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТЕДІ
29-30 қазанда Астанада «Мектеп және адами әлеует: сапалы білім және тең мүмкіндіктер» тақырыбында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің XV Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтеді, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Биыл кәсіби алаңға әлемнің 20 елінен 2 мыңға жуық педагог, зерттеуші, білім беру ұйымдарының басшысы, мемлекеттік орган өкілі және шетелдік сарапшы қатысады.
Конференцияда білім берудегі өзгерістер, мектеп көшбасшылығы, цифрлық құзыреттер, оқушылардың әл-ауқаты, білім беру сапасы және тең мүмкіндіктер мәселелері талқыланады. Бағдарламада пленарлық отырыстар, панельдік пікірталастар, шеберлік сабақтары, воркшоптар мен дөңгелек үстелдер қарастырылған.
Сонымен қатар 9 бағыт бойынша 36 параллель сессия өтіп, зерттеу постерлері көрмесінде педагогтердің 120-ға жуық жұмысы таныстырылады. «NIS Korme» көрме кеңістігінде білім беру бастамалары, баспа жобалары мен цифрлық технологиялар ұсынылады.
Халықаралық спикерлер қатарында Канададан Энди Харгривз, АҚШ-тан Гарри Энтони Патринос, Үндістаннан Global Teacher Prize 2026 сыйлығының иегері Рубл Наги, Финляндиядан нейроғалым Кэтри Саарикиви және басқа да сарапшылар бар.
Конференция 29-30 қазан күндері Астанадағы «Конгресс орталығында» өтеді. Қатысушыларға атаулы онлайн-сертификат беріледі.
Тіркелу және билеттер туралы ақпарат conf.nis.edu.kz сайтында жарияланған.

