ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ АЛҒАШҚЫ АМИНҚЫШҚЫЛДАР ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін және аминқышқылдарын өндіретін зауыт іске қосылды. Кәсіпорын Орталық Азиядағы осы бағыттағы алғашқы өндіріс орны саналады, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кәсіпорынды іске қосу рәсіміне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнебайланыс арқылы қатысты. Іс-шара барысында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңір экономикасы үшін жобаның маңызын атап өтті.
– Қысқа мерзім ішінде мұнда заманауи өндіріс іске қосылып, агроөнеркәсіп кешені, өңдеу саласы және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Бұл жоба өңірге ірі инвестициялардың тартылып, жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындарының құрылып жатқанын көрсетеді, – деді Ербол Қарашөкеев.
Жобаның үш кезеңіне шамамен 1,5 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Нәтижесінде 1 500-ге жуық жұмыс орны ашылады. Алғашқы кезеңде зауыт жылына 500 мың тонна жүгері өңдесе, толық қуаты іске қосылса, бұл көрсеткіш 3 млн тоннаға дейін жетеді.
Кәсіпорын изолейцин, лейцин, валин, треонин және глутамин сияқты аминқышқылдарын өндіреді. Дайын өнімнің 80 пайызы экспортқа, 20 пайызы ішкі нарыққа жөнелтіледі.
«SHENGTAI BIOTECH CO., LTD» басшысы Ван Яньдунның айтуынша, алғашқы кезеңде кәсіпорын жылына шамамен 500 мың тонна жүгері сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл жергілікті шаруалар үшін тұрақты өткізу нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі кәсіпорынның іске қосылуы өңірде жүгеріні өндіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толыққанды өңдеу тізбегін қалыптастыруға жол ашатынын атап өтті.
Бүгінде Жамбыл облысының инвестициялық қоржынында жалпы құны 5,6 трлн теңге болатын 116 жоба бар. Оларды іске асыру нәтижесінде 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. 2026 жылдың сегіз айында өңір экономикасына 621,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 48,7 пайызға жоғары.
Биыл жалпы құны 471 млрд теңгені құрайтын 47 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

