ОЛЖАС БЕКТЕНОВ «ДӨО АЛҚАБЫ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУ БАРЫСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ
Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар облысында жүзеге асырылып жатқан «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» (Data Center Valley) жобасының барысын талқылау үшін жиын өткізді. Жиында нысан құрылысы, инженерлік инфрақұрылымның дайындығы және жобаны одан әрі дамыту мәселелері қаралды, -деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық экономиканы және оған қажетті инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында іске асырылып жатыр. Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин баяндады.
Қазір қуаты 50 МВт болатын «ДӨО алқабының» алғашқы нысанының құрылысы жүріп жатыр. Энергия орталықтары мен AI-фабрикалардың ғимараттарына арналған қазаншұңқырларды әзірлеу жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Энергия орталықтарының іргетасы қаланып, әкімшілік-тұрмыстық ғимараттар салынуда.
Жоспар бойынша 2026 жылдың соңына дейін дата-орталық пен энергоблоктардың, әкімшілік-тұрмыстық кешеннің, бақылау-өткізу пункттерінің және сыртқы инженерлік желілердің бір бөлігінің негізгі корпустары тұрғызылады. Іске қосу-жөндеу жұмыстары 2027 жылғы мамырда аяқталып, алғашқы нысанды пайдалануға беру маусым айына жоспарланған.
Жобаны энергиямен қамтамасыз ету үшін қуаты 215 МВт болатын қосалқы станса сатып алынған. Сумен жабдықтау желілерінің жобасы әзірленіп, телекоммуникациялық инфрақұрылым бойынша жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс алаңында жұмыс барысын тәулік бойы бақылауға мүмкіндік беретін онлайн-бейнебақылау жүйесі де жұмыс істейді.
Алдағы уақытта Data Center Valley қуатын кезең-кезеңімен 1 ГВт-қа дейін жеткізу көзделіп отыр. Жоба аясында деректер орталықтарын, AI-фабрикаларды, GPU-кластерлерді және халықаралық технологиялық компаниялардың бұлтты платформаларын орналастыру жоспарланған.
Firebird AI және NVIDIA компанияларымен бірлесіп, Data Center Valley базасында жасанды интеллект, бұлтты технологиялар және жаңа цифрлық қызметтерді дамытуға арналған экожүйе құрылып жатыр. Сонымен қатар қосымша IT-қуаттарды орналастыруға мүдделі шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізілуде.
Жиында Қазақстанда шет мемлекеттердің деректерін олардың заңды егемендігін сақтай отырып орналастыруға мүмкіндік беретін Cloud First Policy (Data Embassy) жобасын әзірлеу барысы да қаралды.
Олжас Бектенов «ДӨО алқабы» жобасының Қазақстанның технологиялық дамуы үшін маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, жобаны іске асыру технологиялық егемендікті нығайтып, жасанды интеллектіні дамытуға қажетті инфрақұрылымды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр жауапты мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды және шетелдік технологиялық компаниялармен ынтымақтастықты кеңейтіп, жаңа әріптестер тартуды тапсырды.

