ТАРАЗДА ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ШАРА ӨТТІ
1 сәуір күні Тараз қаласында заң мен тәртіпті күшейтуге бағытталған кезекті профилактикалық шара өтті. Іс-шараны қалалық Жастар ресурстық орталығы мен Жамбыл облыстық полиция департаменті бірлесе ұйымдастырды — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Шара аясында қала көшелеріндегі есірткі заттарын насихаттайтын граффити жазуларды жою жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы ақпараттық парақшалар таратылды.
Бастамаға студент жастар, полиция қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері және Жастар ресурстық орталығының мамандары қатысты. Олар бірлесіп, құқық бұзушылықтың алдын алуға, жастар арасында салауатты өмір салтын дәріптеуге және есірткіге қарсы көзқарасты қалыптастыруға күш салды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар қала тазалығы мен қауіпсіздігін сақтауға, сондай-ақ қоғамда заңға деген құрметті арттыруға ықпал етеді.

