BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІ ДАМЫТУ ТӘСІЛДЕРІН ҚАЙТА ҚАРАУДЫ ТАПСЫРДЫ

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және отандық өндірісті қолдау жөніндегі тапсырмалары аясында жеңіл өнеркәсіпті дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Жиынға бірқатар министрліктер мен ұлттық компаниялар, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысты, — деп хабарлайды «Taraz24news» ақпараттық порталы.

Кеңес барысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин саланың әлеуметтік маңызын атап өтіп, жеңіл өнеркәсіпте еңбек ететіндердің басым бөлігі, шамамен 60 пайызы, әйелдер екенін жеткізді.

Отырыста өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев саланың қазіргі жағдайы мен даму бағыттары туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 260 млрд теңгеге жеткен. Жыл басынан бері өңдеу секторындағы өсім 9,9 пайызды құраса, жеңіл өнеркәсіп өндірісі 2,2 есеге артқан. Дегенмен салада импорттың үлесі әлі де жоғары болып отыр.

Жиында өндірісті жаңғырту, қайта өңдеу қуатын кеңейту, локализация деңгейін арттыру және білікті кадр даярлау мәселелері де талқыланды. Сондай-ақ отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін күшейту қажеттігі айтылды.

Қазақстандық өндірушілерді қолдау тетіктері де қаралды. Бұл бағытта отандық өнімдер мен қызметтерді анықтайтын арнайы тізілім арқылы қолдау шаралары жүзеге асырылатыны айтылды.

«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін бақылау үшін арнайы сертификаттау жүйесін енгізу жөнінде ұсыныс білдірді.

Олжас Бектенов өз сөзінде Мемлекет басшысы экономикалық әлеуетті нығайтуды негізгі міндет ретінде қойғанын атап өтті. Оның айтуынша, өңдеу саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр, ал жеңіл өнеркәсіптің әлеуметтік маңызы ерекше.

Кеңес қорытындысында Премьер-министр отандық өндірушілерге нарыққа шығуға мүмкіндік беретін және өндірісті ұлғайтуды ынталандыратын қосымша қолдау тетіктерін әзірлеу қажеттігін тапсырды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *