ТАРИФ САЯСАТЫ: ХАЛЫҚ МҮДДЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА
Уақытша шектеулер аяқталғаннан кейін Қазақстан Үкіметі тариф саясатын бұрынғыдай теңгерімді түрде жалғастырмақ. Баға қалыптастыру кезең-кезеңімен, нақты есепке сүйене отырып жүргізіледі, күрт әрі негізсіз шешімдер қабылданбайды. Негізгі мақсат – халыққа түсетін салмақты жеңілдету, инфляцияның өсуін тежеу және коммуналдық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін сақтау — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Бұл бағыт, ең алдымен, елдегі тіршілікке қажетті жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге арналған. Инфрақұрылымды жаңарту, тозған желілерді жөндеу, апаттардың алдын алу – тариф саясатының негізгі өзегі болып қала береді.
Бағалардағы ықтимал өзгерістер болса, олар шектеулі әрі біртіндеп енгізіледі. Әрбір шешім нақты экономикалық негізге сүйеніп қабылданады.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 сәуірден бастап электр энергиясына арналған шекті тарифтер өзгеріссіз қалады, яғни 2025 жылғы деңгей сақталады. Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсанында электр энергиясына 2026–2032 жылдарға арналған шекті тарифтер бекітіліп, олардың мөлшері 2025 жылғы көрсеткішпен теңестірілген.
Ал жанар-жағармай бағасы елде нарық қағидаттарына сай қалыптасады. Соған қарамастан, Үкімет бағаның негізсіз шарықтауына жол бермейтінін мәлімдеді. Халықтың мүддесін қорғау – басты назарда.
Қазіргі таңда жағдай тұрақты бақылауда. Елде жанармай тапшылығы жоқ, қажетті қор толық жасақталған. Өңірлерде арнайы жедел штабтар жұмыс істеп тұр. Олардың құрамына жергілікті билік өкілдері, салалық мекемелер мен нарық қатысушылары кірген. Олар күн сайын бағаны, қор көлемін және жеткізу барысын бақылап, ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтауға күш салып отыр.

