ҮКІМЕТ АВТОМОБИЛЬ ӨНЕРКӘСІБІН ДАМЫТУ ЖӘНЕ ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСТІ КҮШЕЙТУ БОЙЫНША МІНДЕТТЕР БЕЛГІЛЕДІ
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстандағы автомобиль жасау саласының қазіргі ахуалы мен оны одан әрі дамыту мәселелері қаралды, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Жиында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасады. Сонымен қатар Astana Motors, Allur компаниялар тобы, Kia Qazaqstan, QazTehna кәсіпорындарының және Қазақстан автомобиль одағы өкілдері саланың дамуына қатысты ұсыныстарын таныстырды.
Олжас Бектенов автомобиль өнеркәсібінің ел экономикасын әртараптандырудағы және технологиялық мүмкіндіктерді арттырудағы маңызын атап өтті. Премьер-министр Мемлекет басшысы отандық өндірісті күшейтіп, жоғары технологиялық салаларды дамыту міндетін қойғанын жеткізді.
Оның айтуынша, машина жасау саласы экономиканың маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Соңғы жылдары іске қосылған ірі жобалар өндірісті жаңғыртуға және жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік беруде.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда автомобиль саласына 457 млрд теңге инвестиция тартылған. Бүгінде бұл салада 10 мыңнан астам адам еңбек етеді. 2025 жылы Қазақстанда 171 мың көлік құралы шығарылса, 2026 жылы бұл көрсеткішті 190 мың бірлікке жеткізу жоспарланған.
Қазір елімізде автокөлік шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Былтыр жылына 120 мың көлік өндіруге мүмкіндік беретін Astana Motors Manufacturing Kazakhstan және 70 мың автомобиль шығаруға қауқарлы Kia Qazaqstan зауыттары іске қосылды. Бұл жобаларға салынған инвестиция көлемі шамамен 347 млрд теңгені құрап, 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Үкімет отырысында автомобиль бөлшектерін шығару, өндірісті жергіліктендіру деңгейін арттыру, электр көлігі инфрақұрылымын дамыту, аккумулятор өндірісін жолға қою және салаға қажетті мамандар даярлау мәселелері талқыланды.
Премьер-министр автобөлшектер өндірісін дамыту бойынша нақты жоспар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар мыс, алюминий, хром, резеңке, пластик, кабель және басқа да материалдарды терең өңдеу бағытындағы жобаларды жүзеге асыру қажеттігі айтылды.
Электр көліктеріне арналған қуаттау станцияларының желісін кеңейту де басты міндеттердің бірі ретінде белгіленді. Қазіргі таңда еліміздің негізгі жолдарында 70-ке жуық электр қуаттау станциясы жұмыс істейді. Алдағы уақытта олардың санын арттыру үшін халықаралық компанияларды тарту жұмыстары күшейтіледі.
Сондай-ақ Қазақстанның электромобиль аккумуляторларын өндіру тізбегіне қосылу мүмкіндігі қарастырылды. Осы бағытта сфералы графит өндірісін іске қосу жоспарланып отыр. Бұған қоса Қытайдың CATL компаниясы Қазақстанда жоғары технологиялық өндіріс ашуға қызығушылық танытқан.
Жиында автомобиль өнеркәсібіне қажетті кадр даярлау мәселесіне де назар аударылды. Қазіргі уақытта 19 жоғары оқу орнында 34 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар оқытылуда. Ал 16 университет 48 кәсіпорынмен бірлесіп дуальды білім беру жүйесін жүзеге асырып келеді.
Үкімет басшысы машина жасау саласындағы кәсіптік стандарттарды жаңартып, оларды заманауи технологиялар мен көлікті электрлендіру талаптарына сәйкестендіруді тапсырды. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу зертханаларын құру бойынша ұсыныстар әзірлеу міндеті қойылды.
Бұдан бөлек, автокөліктердің ел аумағына заңсыз әкелінуіне жол бермеу үшін тиісті шаралар кешенін дайындау тапсырылды. Бұл ретте техникалық және экологиялық талаптарға сай келмейтін көліктердің импортына бақылауды күшейту қажеттігі айтылды.
Берілген тапсырмалардың орындалуын бақылау және үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.

