BASTY BETJAŃALYQTARQOǴAM

АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ КИБЕРПОЛИЦИЯСЫ «XXI ҒАСЫРДЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ ТРИГГЕРЛЕРІ» ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ

Көкшетау қаласында, «Болашақ» оқушылар сарайында «Заң және тәртіп» апталығы аясында «XXI ғасырдың қаржылық триггерлері» атты форум өтті. Бұл туралы Taraz24news.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Іс-шара жергілікті атқарушы органдардың, құқық қорғау құрылымдарының және азаматтық қоғам өкілдерін біріктірді. Ақмола облысы Полиция департаментінің атынан бірінші орынбасар Ерлан Ақбаров, киберқылмыспен күрес басқармасының бастығы Досым Жапаров және CyberPol бөлімшесінің қызметкерлері қатысты.

Форум аясында цифрлық дәуірге тән басты қауіптер — қаржы пирамидалары, заңсыз ақша айналымы және интернет-алаяқтықтың өзге де түрлері талқыланды. Ұйымдастырушылар қылмыскерлердің азаматтарды алдау үшін қолданатын әдістерін көрсетіп, киберқауіптерден қорғану жолдарын түсіндірді.

Көрермендердің ерекше назарын Ақмола облыстық орыс драма театры әртістері дайындаған театрландырылған көрініс аудартты. Қойылым арқылы азаматтардың «тиімді» инвестициялық ұсыныстар мен жалған қаржылық жобалардың құрбанына қалай айналатыны көрініс тапты.

Форум барысында жастарды дропперлік қызметке тарту мәселесі жеке блок ретінде қарастырылды. Департаменттің экономикалық тергеу басқармасы өкілдері үшінші тұлғаларға өз банк шоттарын заңсыз ұсыну – жеңіл әрі «зиянсыз» табыс көзі емес, қылмыстық жауапкершілікке алып келетін әрекет екенін ескертті.

Форумда негізгі баяндама жасаған – Ақмола облысы ПД киберқылмыспен күрес басқармасының бастығы Досым Жапаров. Ол интернет-алаяқтықтың ауқымды сипат алып, жаһандық мәселеге айналғанын атап өтті. Спикер жедел тәжірибеден нақты мысалдар келтіріп, ең кең таралған алдау схемаларын түсіндірді және жеке киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты практикалық кеңестерімен бөлісті.

— Қазіргі заманауи технологиялардың дамуына қарамастан, киберқылмыстан қорғанудың ең тиімді жолы – жеке сақтық. Цифрлық гигиенаның негізгі қағидаларын білу – жағымсыз салдардан қорғай алады. Азаматтарды сақ болуға және күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырамыз, — деді Досым Жапаров.

Форум – халықтың қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды. Сондай-ақ, жеке қауіпсіздік әр адамның жауапкершілігінен басталатынын еске салды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *