JAŃALYQTAR

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САЛАСЫНДА ҚЫЗМЕТ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ҚОРҒАЛУДА

Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен бекітілген 2030 жылға дейінгі мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасында тиімді, әділ, ашық және қоғам сұраныстарына тез жауап беретін, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына негізделген мемлекеттік аппарат құру міндеті қойылған. Мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынас көбіне мемлекеттік қызметтерді пайдалану арқылы жүзеге асады.

Мемлекеттік қызметтер азамат өмірінің барлық кезеңдерін қамтып, жеке тұлға дүниеге келген сәттен бастап мемлекетпен тығыз байланыста болады. Осы орайда, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау, қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын қорғау және қалпына келтіру Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен оның аумақтық департаменттері арқылы жүзеге асырылады.

Жамбыл облысы бойынша департамент облыста мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау, халыққа қолайлы жағдай жасау, қызмет көрсету рәсімдерін жетілдіру және қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бағытында жүйелі жұмыс атқарып келеді. Мысалы, азаматтардың өтініштері негізінде департамент жоспардан тыс тексерулер жүргізіп, «Республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде жер учаскесіне құқық алу» мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерінде ұзақ уақыт бойы негізсіз кідірістер мен бұзушылықтар анықталды.

Қызмет алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында департамент тиісті ұсынымдар енгізіп, олар қаралған соң құқықтар толық қалпына келтірілді.

Егер мемлекеттік қызметтен негізсіз бас тартылған немесе заңды құқықтарыңыз бұзылған жағдайда, Департаментке Тараз қаласы, Рысбек батыр көшесі, 8А мекенжайы бойынша немесе 8 (7262) 438808, 438849 нөмірлері арқылы, сондай-ақ «08.Onay.qyzmet» Телеграм-каналы арқылы хабарласуға болады. Барлық өтініштерді «E-otinish» бірыңғай платформасы арқылы да жіберуге мүмкіндік бар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *