BASTY BETBİLİMJAŃALYQTARQOǴAM

ТУРИЗМ САЛАСЫН ЦИФРЛАНДЫРУ: «SMART TARAZ» САЙТЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Енді қалаға келген туристер үшін бағыт-бағдар табу әлдеқайда жеңілдей түспек. Себебі Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық университеттің IT факультетінің студенті Богдан Третьяков «Smart Taraz» деп аталатын көпфункционалды сайт әзірледі, – деп хабарлады Taraz24news.kz.

Жоба авторының айтуынша, сайтта қала картасының интерактивті нұсқасы, қоғамдық көлік кестесі мен маршруттары, көрікті орындар жөніндегі анықтамалық және түрлі іс-шаралардың афишасы қамтылған. Ол қосымшаны екі ай ішінде жасап шыққанын және алдағы уақытта жаңа функциялармен толықтырмақ ниетте екенін айтты.

— «Бұл — көпфункционалды қосымша. Қазірдің өзінде негізгі қызметтері бар. Алда оны әрі қарай дамытамын. Ол Тараз тұрғындары мен туристерге арналған. Қосымшада мемлекеттік қызметтер, қаланың интерактивті картасы, білім беру курстары және басқа да мүмкіндіктер қарастырылған», — дейді жобаның авторы Богдан Третьяков.

Сайт әзірге сынақ кезеңінде, алайда алғашқы нәтижелері байқалып отыр. Жас өнертапқыш жобаны тек туризм саласында ғана емес, білім беру бағытында да дамытуды көздейді. Қазіргі таңда оның робототехника бойынша жеке авторлық курсы іске қосылған.

Университет мамандарының айтуынша, IT саласындағы мұндай бастамалар студенттердің кәсіби деңгейін арттыруға зор мүмкіндік береді.

— «Қазіргі таңда университет құрамында IT академиясы және Дрон академиясы жұмыс істейді. Бұл орталықтарда компьютерлік графика, робототехника, бағдарламалау негіздері бойынша барлық жастағы білім алушыларға арналған курстар жүргізіледі», — дейді Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетінің сениор-лекторы Ғалия Ерманова.

Жоба авторы алдағы уақытта «Smart Taraz» сайтына жасанды интеллект технологияларын енгізуді жоспарлап отыр.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *