МОЙЫНҚҰМДА ЖАҢА ФУТБОЛ АЛАҢЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Мойынқұм ауылының тұрғындары үшін көптен күткен спорттық нысан — жаңа шағын футбол алаңы ашылды,-деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі,облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Ермек Карентаев қатысып, ауыл жастарына сәттілік тіледі.Футбол алаңының құрылысы мемлекеттік сатып алу порталы арқылы өткен ашық конкурс нәтижесінде қолға алынған. Жоба мердігері — «Кәусар» ЖК. Алаң қазіргі заман талабына сай жабдықталған және ауыл жастарының спортқа қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Ауыл ақсақалы Жәлел Мәзбаев бұл оқиғаны көптен күткен жаңалық ретінде бағалап, жастар үшін жасалып жатқан жағдайға алғысын білдірді.
— «Жаңа алаң – ауыл жастарына үлкен серпін. Балалар жаз бойы бос уақытын пайдалы өткізіп, спортпен шұғылдана алады. Осындай бастамалар жалғаса берсін», – деді ауыл қариясы.
Бұл – Мойынқұм аудан орталығында соңғы жылдары ашылған алтыншы шағын футбол алаңы. Жоба ауданның 60 жылдығына орай іске асырылып отыр. Айта кетейік, биыл Жамбыл облысында 18 спорт кешенінің құрылысы басталып, тағы бір нысан күрделі жөндеуден өтуде. Бұл жұмыстар нәтижесінде өңірдегі спорт инфрақұрылымымен қамту деңгейі 70 пайызға жетпек. Ал спортпен тұрақты шұғылданатын халық үлесі 42 пайызға дейін өседі деп жоспарланып отыр