ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ ДАМЫТУҒА ЖАҢА ТҰЖЫРЫМДАМА БЕКІТІЛДІ
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Бақытжан Копдикбаев мемлекеттік қызметті дамытуға арналған жаңа тұжырымдаманы таныстырды. Бұл құжат мемлекеттік аппараттың кәсібилендірілуін, кадрлық құрамды жаңартуды және мемлекеттік қызметтің ашықтығын арттыруға бағытталған.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдама мемлекеттік қызметтің сапалық құрамын жетілдіруге арналған. Онда гибридті модель ұсынылып, мансаптық және позициялық тәсілдердің үздік қасиеттері біріктірілген. Бұл модель бәсекелестік принципі мен мамандардың кәсіби тәжірибесін ескеруге мүмкіндік береді.
Жаңа тұжырымдама әлемдік тәжірибеге сүйеніп, мемлекеттік қызметтің сервистік және клиентке бағдарланған моделін құруға бағытталған. Әкімшілік рәсімдерді цифрландыру, командалық-әкімшілік тәсілдерден бас тарту, жеке сектордан кандидаттарды тарту, келісімшарттық қызметшілер институтын енгізу – осының бәрі нақты көрсетілген.
Мемлекеттік қызметке кіру процесін жеңілдету, бюрократияны азайту және кадрларды іріктеудің автоматтандырылған жүйесін енгізу тұжырымдаманың басты жаңалығы саналады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру үшін біліктілік талаптары жаңартылып, қызметшілердің тиімділігін бағалау жүйесі енгізілді.
Құжат мемлекеттік қызметшілердің кәсіби құзыреті мен біліктілігін көтеруге, олардың мансаптық өсуіне, патриотизм және қоғам мүддесіне адал қызмет етуді ынталандыруға бағытталған. Алғашқы осындай құжат 2011 жылы қабылданған болатын, бірақ қазіргі жағдайда өзектілігін жоғалтқан еді.
Жаңа тұжырымдама іске асырылса, мемлекеттік қызметшілердің жұмысына халықтың қанағаттануы артып, мемлекеттік қызметке жеке сектор өкілдерін тарту мүмкіндігі кеңейеді. Сонымен қатар, мектеп пен жоғары оқу орындарына кәсіби бағдарлау институты енгізіліп, мемлекеттік қызметтің тартымдылығы мен кадрлардың жаңа білім алуға қызығушылығы артады.
Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі “мемлекеттік қызмет – қоғамға қызмет” қағидатына сүйеніп, аппараттағы икемді дағдылар мен кәсіби мамандардың жетілуіне ықпал етеді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы – Копдикбаев Б.И.

