BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

САЛЫҚ ЖҮЙЕСІН ЦИФРЛАНДЫРУ: ЖАҢА ЖҮЙЕЛЕР, ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР ЖӘНЕ БІРЫҢҒАЙ ТӨЛЕМ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің кеңейтілген отырысы өтіп, онда жаңа салықтық ақпараттық жүйелердің жұмысы, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың әлеуметтік төлемдері және еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлемді енгізу мәселелері қаралды. Жиынға кәсіби бухгалтерлер, Қазақстан бухгалтерлері мен аудиторлары альянсының өкілдері, Indrive компаниясының мамандары, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар қатысты, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы».

Кездесуде ең алдымен Салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйесі (СӘАЖ) мен электрондық шот-фактуралар (ЭШФ) жүйесінің жұмысы талқыланды. Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың мәліметінше, соңғы бір жарым жылда СӘАЖ арқылы 3,6 миллионнан астам есеп қабылданған, ал 75 интеграция мемлекеттік органдар мен екінші деңгейлі банктер арасында іске қосылған. ЭШФ жүйесінде 1,6 миллион пайдаланушы тіркеліп, 1,7 миллиард электрондық шот-фактура және 95,8 миллион жүкқұжат рәсімделген.

Дегенмен, жүйе жұмысында бірқатар түйткілдер де бар. Әсіресе, дербес шоттарды қалыптастыру мен деректерді көрсету кезінде туындайтын қиындықтар айтылды. Бұл мәселелердің бір бөлігі салық төлеушінің ескі және жаңа кабинеттерінің қатар жұмыс істеуімен байланысты екені түсіндірілді. Ескі кабинет уақытша сақталғанымен, мамыр айында толық жабылып, деректер жүйесі біріздендірілмек.

Сонымен қатар, форматты-логикалық бақылау (ФЛБ) енгізілуі салық есептілігіндегі қателіктердің артуына әсер еткені айтылды. Мамандар бұл жүйенің жұмыс принципін бизнес толық меңгермегенін атап өтті. Осыған байланысты Қаржы министрлігі базасында барлық ақпараттық жүйелер бойынша бірыңғай техникалық қолдау орталығын құру жоспарланып отыр.

Серік Жұманғарин бизнес өкілдерін жаңа жүйелермен жұмыс істеуге кеңінен оқыту қажет екенін айтып, техникалық ақаулар салдарынан кәсіпкерлерге айыппұл мен өсімпұл салынбауы тиіс екенін қатаң ескертті.

Жиында Uchet.kz негізін қалаушы Максим Барышев цифрлық сервистерді жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныс білдірді. Оның ішінде бухгалтерлік бағдарламаларға API енгізіп, есептілікті тікелей салық жүйесіне жолдау мүмкіндігін қарастыру және бірыңғай мемлекеттік деректер базасын құру бастамасы бар. Қаржы министрлігі бұл ұсыныстардың Data Lake Smart Data Finance жүйесі негізінде жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесі де назардан тыс қалмады. Indrive өкілінің айтуынша, платформа арқылы шамамен 180 мың адам жұмыс істейді, ал соңғы үш айда 700 миллион теңгеге жуық әлеуметтік төлем аударылған. Алайда кейбір азаматтардың мәртебесі уақытылы жаңартылмауы салдарынан төлемдерді кері қайтару жағдайлары тіркелген. Бұл ретте әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде дұрыс мөлшерлемемен есептеу тетігін жетілдіру ұсынылды.

Сондай-ақ, кіріс көлемін растау және орындалған жұмыстар актілерін рәсімдеу мәселесі де көтерілді. Серік Жұманғарин бұл бағытта шешім тетігін бірлесіп әзірлеуді тапсырды. Ал мерзімінде берілмеген мәліметтер үшін өсімпұл есептеу тәжірибесін жедел қайта қарау қажеттігі айтылды.

Еңбекақы төлеу қорына қатысты жаңа тәсіл де талқыланды. Бүгінде жұмыс берушілер сегіз түрлі төлем жүргізуге мәжбүр болса, оның орнына бірыңғай төлем енгізу ұсынылып отыр. Бұл төлем бір жолмен жүзеге асып, кейін тиісті қорлар мен органдар арасында автоматты түрде бөлінеді. Жоба алдымен пилоттық режимде іске қосылмақ.

Шенеуніктердің айтуынша, бұл бастама әкімшілік жүктемені азайтып, артық қағазбастылықты қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, халықаралық салыстырулар Қазақстандағы еңбекақы қорына түсетін жүктеменің ЭЫДҰ орташа көрсеткішінен төмен екенін көрсетіп отыр.

Серік Жұманғарин цифрландыру процесі күрделі болғанымен, оның салмағы бизнестің мойнына түспеуі тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет пен кәсіпкер арасындағы өзара әрекеттестік жаңа, неғұрлым ашық әрі тиімді форматқа көшіп келеді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *