Тоқаев Xinjiang Lihua компаниясының төрағасымен мақта-мата кластерін талқылады
Мемлекет басшысы Xinjiang Lihua компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Цихайды қабылдап, Қазақстанда толық өндірістік циклге негізделген мақта-мата кластерін дамыту мәселесін қарастырды, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Кездесу барысында жоба елдің импортқа тәуелділігін едәуір төмендетіп, ішкі нарықты отандық, бәсекеге қабілетті өніммен қамтуға мүмкіндік беретіні айтылды. Компания басшысы бүгінде бірқатар өндірістік нысан іске қосылғанын жеткізді. Оның ішінде екі мақта өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр.
Алдағы уақытта синтетикалық маталар, тоқыма және дайын киім шығаратын кәсіпорындарды іске қосу жоспарланған. Жобаны толық жүзеге асыру нәтижесінде мақта алқаптарының көлемі 52 гектарға дейін ұлғаймақ. Егін шаруашылығында заманауи тәсілдер, соның ішінде цифрлық технологиялар мен тамшылатып суару әдістері кеңінен қолданылмақ.
Кластердің алғашқы кезеңінде шамамен 360 миллион доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылып, 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Президент бұл бастама оңтүстік өңірдегі агроөнеркәсіп кешені мен жеңіл өнеркәсіпті дамытуға серпін беретін маңызды жоба екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті тұрғындарды кәсіби тұрғыда даярлауға ерекше көңіл бөлу қажет екенін айтты. Ол су үнемдеу технологияларын енгізудің маңызын атап өтіп, мақта өндірісінде шығынды азайту үшін цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдануды қолдайтынын жеткізді.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы Қазақстанның агроөнеркәсіп саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Чжан Цихайды II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

