МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ АИДА БАЛАЕВАҒА БІРҚАТАР НАҚТЫ ТАПСЫРМА БЕРДІ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны қабылдап, мәдениет, ақпарат және әлеуметтік саясат салаларындағы өзекті мәселелерді талқылады, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына жаңа Конституция талаптарын іске асыру, заңнаманы соған сәйкестендіру және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары жөнінде баяндалды.
Аида Балаева мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру, цифрлық кеңістікті дамыту, азаматтық қоғаммен байланысты нығайту, сондай-ақ отбасы және жастар саясаты, волонтерлік қозғалыс пен қоғамдық бақылау бағытында қолға алынған жұмыстар туралы айтты.
Сонымен қатар вице-премьер мәдениет саласын дамытуға қатысты бірқатар ұсынысын жеткізді. Атап айтқанда, жаңа білім беру, ғылыми-ағартушылық және шығармашылық орталықтарын ашу, дәстүрлі өнерді қолдау және мәдениет саласына білікті мамандар даярлау мәселелері сөз болды.
Кездесуде әлеуметтік саясатқа да ерекше көңіл бөлінді. Президентке білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, спорт және туризм салаларындағы атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және адами капиталды нығайту мәселелері қаралды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет, ақпарат және әлеуметтік даму салаларындағы мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіруге бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді.

