МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ҚОРҒАЛАДЫ
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген 2030 жылға дейінгі мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасында тиімді, әділ, ашық және қоғамның сұраныстарына жедел жауап беретін, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты бойынша жұмыс істейтін мемлекеттік аппарат қалыптастыру міндеті қойылған – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланыс көбінесе мемлекеттік қызметтерді алу кезінде жүзеге асады. Мемлекеттік қызметтер азамат өмірінің барлық кезеңдерін қамтиды: дүниеге келген сәттен бастап әртүрлі өмірлік жағдайларда мемлекетпен өзара әрекеттесу қажет болады.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау, қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық департаменттері тарапынан жүзеге асырылады. Жамбыл облысы бойынша департамент өңірде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау, қызмет алушыларға қолайлы жағдай жасау, рәсімдерді жетілдіру және құқық бұзушылықтарды жою бағытында жүйелі жұмыстар атқаруда.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет алушылардың құқықтарын қорғау және қалпына келтіруге баса назар аударылған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы 731 қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді. Оның ішінде:
- Жоспарлы тексеру барысында – 145 қызмет алушы;
- Жоспардан тыс тексеру барысында – 19 қызмет алушы;
- Сұрау салу арқылы – 19 қызмет алушы;
- Қашықтықтан бақылау арқылы – 547 қызмет алушы;
- «EgovKzBot2.0» телеграм-бот арқылы – 1 азамат.
Анықталған бұзушылықтар бойынша тиісті органдарға ұсыныстар енгізілді.
Мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту немесе заңды құқықтардың бұзылуы жағдайында азаматтар ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне хабарласа алады: Тараз қаласы, Рысбек батыр бұрылысы, 8 «А» мекенжайы, 8 (7262) 43-88-08 телефоны немесе «08.Onay.qyzmet» Телеграм-каналы арқылы. Сонымен қатар, өтініштер «E-otinish» платформасы арқылы да қабылданады.

