ТОҚАЕВ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен салтанатты жиында Конституцияны қабылдауға қатысты рәсімге қатысып, негізгі құжатқа қол қойды, деп хабарлайды Taraz4news.kz.
Іс-шараға Премьер-министр Олжас Бектенов, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар қатысты. Салтанатты рәсім барысында Құрмет қарауылы жаңа Конституцияны алып шығып, мемлекеттік Әнұран орындалды.
Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров референдум қорытындысын жариялағаннан кейін Мемлекет басшысы Конституцияға және оны іске асыру жөніндегі Жарлыққа қол қойды.
Президент өз сөзінде жаңа Конституцияны ел дамуының ұзақ мерзімді бағытын айқындайтын тарихи құжат деп атап өтті.
«Конституция – мемлекет дамуының миссиясын айқындайтын тарихи құжат. Бұл – шын мәнінде халықтық Конституция. Қазақстандықтар жаңару мен жаңғыру жолын қолдап, ел болашағына өз таңдауын жасады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы референдум елдегі бірлік пен ынтымақтың көрінісі болғанын айтып, азаматтарға алғыс білдірді. Оның айтуынша, жаңа Конституция мемлекет тәуелсіздігін нығайтып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сондай-ақ елдің одан әрі дамуына негіз болады.
