ВЕТЕРИНАРИЯ МАМАНДАРЫНА ҚЫЗМЕТТІК КӨЛІКТЕР ТАБЫСТАЛДЫ
Жыл санап ветеринария қызметкерлеріне қолдау артып келеді. Соңғы екі жылда сала қызметкерлерінің жалақысы өсіп, автокөліктермен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, өткен аптада өңірдегі барлық аудандарға 10 көліктен табысталып, Байзақ ауданында ветеринариялық пункт ашылды-деп хабарлайды «Taraaz24news.kz» ақпараттық агентігі.
Байзақ ауданы, Қосақ ауылында 50 қызметтік көліктің кілттері салтанатты түрде табысталды. Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Су ресурстары және ирригация, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері және республиканың басқа өңірлерінен келген ветеринарлар қатысты. Жиын барысында өңірдің өркендеуіне елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды.
Биыл облыс бюджеті есебінен 50 автокөлік пен қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды.
– Бүгін осы автокөліктерді табыстау үшін жиналып отырмыз. Жалпы, қызметтік көлікпен қамтамасыз ету шарасы келер жылдың соңына дейін толығымен шешілетін болады. Бұл шалғай елді мекендерге сапалы ветеринариялық қызмет көрсету мүмкіндігін арттыратын болады, – деді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.
Биыл ветеринария саласын дамытуға 4,6 млрд теңге қаражат бөлінген. Қазіргі таңда салада 1 мыңнан астам маман еңбек етіп жатыр. Соңғы үш жылда 17 биотермиялық шұңқыр салынып, үшеуі жөндеуден өткен. Жауаптылардың сөзінше, биыл жаңадан ветеринариялық пункттердің құрылысы жүргізілуде. Ал тозығы жеткен пункт ғимараттарының мәселесі 2025-2026 жылдары аралығында толық шешімін таппақ.
Облыс бойынша 40 ғимарат биыл салынады. Оның алғашқысы, міне, ашылып жатыр. Қазіргі таңда 14 ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар термосөмкелер (термо чемодандар) беріледі. Осындай жұмыстар бүгінгі күні атқарылып жатыр, – деді Жамбыл облыстық ветеринариялық станциясы басшысының міндетін атқарушы Серік Бердібаев. Айта кетейік, өткен екі жылда ветеринария қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өскен. Мамандардың айтуынша, бүгінде ветеринарлар 160 дана термосөмкемен қамтамасыз етілген. Енді маусымдық қызметтік киім сатып алу көзделіп отыр