«РЕФЕРЕНДУМ – 2026» ОНЛАЙН МАРАФОНЫ: ЖАС ҒАЛЫМДАР ӨНЕРТАБЫСТАРЫН ТАНЫСТЫРДЫ
Республикалық референдум аясында өтіп жатқан «Референдум – 2026» онлайн марафоны жалғасуда. Шара барысында қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланып, жас ғалымдардың жаңа жобалары таныстырылды, деп хабарлайды Taraz24news.kz ақпараттық агенттігі.
Онлайн марафонда жасанды интеллекттің дамуы, волонтерлік мәдениет және киберспорт мүмкіндіктері талқыланды. Сонымен қатар экологиялық мәселелерді технология арқылы шешу жолдарына қатысты бастамалар ұсынылды.
Сағат 09:00-де басталған медиа шара бұл жолы ауқымымен ерекшеленіп отыр. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының аймақтық филиалдары, сондай-ақ АҚШ, Ресей, Түркия, Қытай және Бельгия елдеріндегі меншікті тілшілер тікелей эфирге қосылды.
Марафон аясында ұйымдастырылған инновациялық алаңда отандық өнертапқыштар өз жобаларын таныстырды. Жас өнертапқыш Аделия Анаш болашақта адам ағзасына орнатылуы мүмкін механикалық жүрек жобасын және майтабанды анықтауға арналған «ақылды» ұлтарақты көпшілік назарына ұсынды.
Ал жас ғалым Нарминахон Иманғалиева ластанған ауадан принтерге арналған қара бояу өндіруге мүмкіндік беретін жобасын таныстырды. Оның айтуынша, бұл бастама экологиялық мәселелерді технологиялық тәсілдер арқылы шешуге бағытталған.
Робототехника саласындағы тағы бір жоба авторы Айсұлу Тілеуқұлова ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жаңа технология туралы баяндады. Бұл робототехникалық платформа церебралды сал ауруы, аутизм және басқа да неврологиялық диагнозы бар балалардың дене тепе-теңдігін дамытуға көмектеседі.
Жас ғалым Манат Нұрсұлтан спортшылардың қозғалысын талдауға арналған сенсорлық құрылғы технологиясын ұсынды. Mirai Motion деп аталатын датчиктер жиынтығы қазірдің өзінде спорт саласында, әсіресе футболда қолданылып жатыр. Жобаны әзірлеу барысында нанотехнология элементтері пайдаланылған.
Марафон алаңында Петропавл қаласынан келген Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өрт сөндіруге арналған роботтың мүмкіндіктерін көрсетті. Мұндай құрылғылар төтенше жағдай кезінде адамдардың өміріне қауіп төндірмей жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Іс-шараға саясаткерлер мен сарапшылардан бөлек, танымал спортшылар да қатысып, өз пікірлерін білдірді. Олардың қатарында әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан мен Сергей Цирюльников бар.
Дискуссия алаңында «Қазақстандағы жасанды интеллекттің дамуы» тақырыбы жан-жақты қаралды. Сарапшылар бұл технологияның экономика, білім беру, медицина және медиа салаларына ықпалы мен болашағын талқылады.
Қазақстандағы жасанды интеллектті дамыту қауымдастығы төрағасының орынбасары Анар Төлеубаеваның айтуынша, елде жасанды интеллектті дамыту үшін ең алдымен білікті мамандар даярлау қажет. Оның мәліметінше, Қазақстан цифрлық үкіметті дамыту бойынша әлемдік рейтингте 24-орында тұрса, жасанды интеллект деңгейі бойынша 76-орында. Сондықтан инфрақұрылыммен қатар кадр даярлау және азаматтардың жасанды интеллектті күнделікті өмірде қолдану дағдыларын қалыптастыру маңызды.
Сонымен қатар марафон барысында «Волонтерлік: жаңа азаматтық мәдениет» тақырыбы да талқыланды. Соңғы жылдары еріктілер қозғалысы қарқын алып, жастар белсенділігінің маңызды бағытына айналып келеді.
Ұлттық волонтерлік желі ұйымының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Айбек Досымбетовтің айтуынша, волонтерлік қозғалыстың дамуына ұлттық мәдениет пен дәстүрдің ықпалы зор.
Онлайн марафон барысында Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы жанындағы пресс-орталық референдумның өту барысына қатысты ресми ақпараттарды тұрақты түрде жариялап отыр.

