ҚАЗАҚСТАН МЕН МАЖАРСТАН ПРЕЗИДЕНТТЕРІ ALEM.AI ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ОРТАЛЫҒЫНА БАРДЫ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок Астанадағы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығына барды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Инновациялық кеңістік елімізде заманауи технологияларды дамытуға, дарынды жастарды қолдауға, сондай-ақ AI және ІТ сектордағы перспективті жобаларды ілгерілетуге бағытталған. Жоба ғылым, өнеркәсіп, креативті индустрия мен мемлекеттік қызмет көрсету салаларында технологияны жетілдіруді көздейді. Орталық ұлттық ЖИ экожүйесін құруға, инвестиция тартуға, стартаптар мен зерттеулерді қолдауға ықпал етеді.
Alem.AI аясында жыл сайын түрлі салада көзге түскен 10 мың жасқа қолдау көрсетіліп, 1 мыңға жуық маман даярланады, 100-ге тарта стартап іске қосылады және бірнеше ғылыми зерттеу жобасы жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар 2029 жылға қарай отандық ЖИ шешімдерінің экспорт көлемін 5 миллиард долларға дейін ұлғайту жоспарланған.
Халықаралық орталық құрамында Tomorrow School жасанды интеллект мектебі, TUMO креативті технологиялар орталығы, стартап-кампус, ғылыми-зерттеу зертханалары және GovTech шешімдерін әзірлеуге арналған AI-driven Government аймағы жұмыс істейді.
Мемлекет басшысына бірқатар отандық жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, Mirai Tech әзірлеген биомеханикаға арналған портативті зертхана, AltBridge инвестициялық портфельді басқару жүйесі және Defect AI медициналық құжат айналымын жеңілдетуге бағытталған жоба ұсынылды.
Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңде жасанды интеллект бойынша өткен халықаралық олимпиаданың жеңімпаздарымен кездесті. Қазақстандық оқушылар 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль иеленіп, бейресми командалық есепте әлемде 4-орынға тұрақтады. Олимпиадаға 60-тан астам елден 280-нен аса жас зерттеуші қатысқан болатын.