МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ПЕН ЧЕХИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ АНДРЕЙ БАБИШ КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ
Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Чех Республикасының Премьер-министрі Андрей Бабишті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Осыдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чехия Үкіметінің басшысы шағын құрамда келіссөз өткізді, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Рәсім барысында екі ел басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы баянат берген соң Қазақстан мен Чехияның мемлекеттік әнұрандары орындалды. Кейін тараптар келіссөз залына өтті.
Кездесу кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев Андрей Бабишке ілтипат білдіріп, оны Чехияда ғана емес, Еуропа кеңістігінде танымал саясаткер ретінде жақсы білетінін айтты.
Президенттің сөзінше, Қазақстан мен Чехия арасында бұрыннан берік әрі достық байланыс қалыптасқан. Сауда-экономикалық қарым-қатынас тұрақты дамып келеді, халықтар арасындағы өзара құрмет те жоғары деңгейде. Сонымен қатар екі мемлекет халықаралық ұйымдар аясында да нәтижелі ынтымақтастық орнатып отыр.
Мемлекет басшысы Чехиядан кәсіпкерлерден құралған ірі делегацияның келгеніне ризашылығын білдіріп, Астанада өткен бизнес-форумның қорытындысы екі елге де пайдалы болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ сан салалы серіктестікті одан әрі дамытуға күш салатынын жеткізді.
Өз кезегінде Андрей Бабиш көрсетілген қонақжайлық үшін алғыс айтып, Қазақстанның түрлі бағыттағы жетістіктеріне жоғары баға берді.
Ол Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды мемлекеттердің бірі деп атап, елге сапармен келуді зор мәртебе санайтынын айтты. Сонымен қатар жуырда қабылданған жаңа Конституциямен құттықтап, бұл тәжірибенің өзге елдер үшін де маңызды екенін жеткізді.
Чехия премьер-министрі Қазақстанмен жеке байланысы барын да атап өтті. Оның айтуынша, еңбек жолын бастаған кезеңде Шымкент пен Жамбыл қалаларымен байланыс орнатқан құрылымда қызмет еткен.
Сондай-ақ Андрей Бабиш Қазақстанның энергетика саласындағы әлеуетіне тоқталып, елдің әлемдегі ірі уран өндірушілердің бірі екенін айтты. Атом энергетикасының маңызы артып отырған кезеңде осы бағыттағы уағдаластықтарға қуанышты екенін жеткізді.
Бұдан бөлек, ол Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы жетістіктерін ерекше атап өтіп, екі ел үкіметтері ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру үшін бірлесіп жұмыс істейтініне сенім білдірді.

