ҚАЗАҚСТАН МЕН ИЗРАИЛЬ ПРЕЗИДЕНТТЕРІ КЕҢЕЙТІЛГЕН ҚҰРАМДА КЕЛІССӨЗ ӨТКІЗДІ
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Израиль Президенті Ицхак Герцогтың кездесуі екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Жиында тараптар саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікті одан әрі дамыту мәселелерін талқылады, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Израиль арасындағы байланыс тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастау алатынын атап өтті. Оның айтуынша, Израиль Қазақстанның егемендігін алғашқылардың бірі болып таныған елдердің қатарында болды. 1993 жылы екі мемлекет дипломатиялық өкілдіктерін ашып, содан бері тұрақты саяси үнқатысу жолға қойылды.
Президент соңғы жылдары сауда-экономикалық және инвестициялық бағытта да нақты нәтижелерге қол жеткізілгенін айтты. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ибраһим келісімдерінің өңірлік тұрақтылықты нығайтуға және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететінін жеткізді.
Ол Қазақстан бұл мәселедегі бұрынғы ұстанымын сақтайтынын айтып, Ибраһим келісімдеріне ресми түрде қосылу рәсімін алдағы уақытта Астанада өткізу мүмкіндігін қарастыруға болатынын мәлімдеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жасанды интеллект пен цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты күшейтуге қызығушылық білдірді. Биыл елімізде Жасанды интеллект және цифрландыру жылы жарияланғанын да еске салды.
Өз кезегінде Ицхак Герцог Қазақстанды толеранттылық пен конфессияаралық келісімнің жарқын үлгісі деп бағалады. Ол екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтуге, сауда айналымын арттыруға мол мүмкіндік бар екенін айтты.
Израиль Президенті тікелей әуе қатынасын ашу бастамасын көтеріп, бұл қадам кәсіпкерлік пен сауда байланысына серпін беретінін жеткізді. Сондай-ақ екіжақты құқықтық келісімдер аясын кеңейту қажеттігін атап өтті. Қазіргі кезде бірнеше құжат, соның ішінде қосарланған салық салуды болдырмауға қатысты келісімдер пысықталып жатқаны айтылды.
Келіссөз соңында тараптар тұрақты саяси диалогты жалғастыруға, барлық деңгейдегі ынтымақтастықты күшейтуге және серіктестікті жаңа сапалы кезеңге көтеруге уағдаласты.

