BASTY BETJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

МЕДИЦИНА МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ САПАСЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ

Былтыр ғана пайдалануға берілген Байзақ аудандық орталық ауруханасында желдету жүйесі істен шыққан. Бұл бір ғана мәселе емес. Жалпы облыстағы медициналық мекемелердің құрылысы көңіл көншітпейді. Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова аймақтық кеңес отырысында осылай деді.

Бүгін «Аманат» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы аймақтық кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы сөз болды. 2025 жылға дейін ауылдық жерлерде 30 жаңа медициналық мекеме ашу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар да қаралды. Жауаптылардың айтуынша, 2023 жылы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын 10 нысанның құрылысы аяқталған. Қалған 20 нысанның құрылысы ағымдағы жылға жоспарланған.

– Ағымдағы жылға 20 жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамалық қорытындылар алынды. Барлық нысандардың сыртқы инженерлік желілеріне жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге және сараптама қорытындысын алуға облыстық бюджеттен 60,9 млн.теңге бөлінді. «Астройпроект» ЖШС жобалау мекемесі жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеп, сараптамалық қорытынды алды. Республикалық бюджетті нақтылау үшін 2024 жылға жоспарланған 20 жоба бойынша бюджеттік өтінімдер беріледі,-дейді Перизат Үмбетәли, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары

Ал кеңес мүшелерінің сөзінше жаңа медициналық нысандардың құрылыс сапасы сын көтермейді. Мұны аудандық аурухананың бас дәрігері Жандос Ордабайұлы да мақұлдап отыр. Оның айтуынша, облыста теңдесі жоқ жаңа орталық аудандық ауруханада су мен электр жарығына қатысты мәселелер жиі туындайды. Желдету жүйесі де жұмыс істемейді. Айта кету керек, бұл медициналық мекеме де ұлттық жобасы аясында салынған. Жандос Рысқұлов бұл мәселе бойынша жауапты органдарға талай рет жүгіндім, деп отыр.

– Бұзушылықтар бар. Барлық ақаулар туралы жаздық, бірақ жауап алмадық. Облыс әкімі бізге екі рет келді. Біз бұл мәселелерді айттық. Алайда әзірге ешқандай шара қолданылған жоқ. Басқа да проблемалар бар. Мәселе жұмыстарына салғырт қараған мердігерлерде . Олар нысанды құрылыс басқармасы деңгейінде тапсырады. Содан кейін біз қалған мәселелермен қаламыз,-дейді Жандос Рысқұлов, Байзақ ауданы орталық ауруханасының бас дәрігері

Кеңесте құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Аманбай Әлібек бұл мәселе туралы алғаш рет естіп отырғанын айтты. Енді мәселені жеке бақылауына алмақ. Ал Гүлдара Алданышқызы жиында айтылған барлық мәселелерді министрліктер деңгейінде көтеретіндігін жеткізді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *