BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛДАУДА ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІН АЗАЙТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА ТӘРТІПТЕР ЕНГІЗІЛДІ

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық департаменттері сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары салалардағы заңнамаларды жетілдіру бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.

Осыған дейін Жамбыл облысында табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану саласына жүргізілген сыртқы талдау барысында акваөсіруді дамытуға берілетін субсидиялау тетігінде ашықтықтың жеткіліксіздігі мен бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану қаупі бар бірқатар олқылықтар анықталған.

Акваөсіру саласын субсидиялау Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 24 мамырдағы №180 бұйрығымен бекітілген қағидалар негізінде жүзеге асырылып келеді. Аталған құжатта өнім сапасы мен өнімділігін арттыру, сондай-ақ асыл тұқымды балық шаруашылығын дамытуға қолдау көрсету көзделген.

2023–2024 жылдары бұл бағытқа республика көлемінде 3,9 млрд теңге бөлінсе, соның 481,0 млн теңгесі Жамбыл облысына тиесілі болған. Алайда талдау нәтижелері бөлінген қаражаттың басым бөлігі балық азығы мен балық материалдарын сатып алуға бағытталғанын көрсеткен.

Сонымен қатар, субсидия алған кейбір субъектілердің қызмет түрі балық шаруашылығымен мүлде байланысты емес (мысалы, құрылыс саласы) екені анықталған. Бұдан бөлек, балық өнімін сатушы мен сатып алушының бір мекенжайда орналасқан жағдайлары да тіркелген.

Қолданыстағы тәртіп бойынша субсидия беру туралы шешім тек өтінімде көрсетілген құжаттарға (келісімшарт, шот-фактура және өзге де мәліметтер) сүйене отырып қабылданып келген. Бұл өз кезегінде нақты тексеру тетіктерінің әлсіздігін көрсеткен.

Яғни жауапты органдардың су айдындарының бар-жоғын, инфрақұрылымның жағдайын, сондай-ақ сатып алынған балық өнімдері мен жем-шөп көлемінің шынайылығын толық тексеруге мүмкіндігі шектеулі болған.

Осыған байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне бірқатар ұсыныстар енгізілді. Атап айтқанда, су айдындары мен инфрақұрылымды тексеру тетігін күшейту, арнайы комиссия құру, сондай-ақ сатып алынған азық, балық материалдары мен өнім көлеміне түгендеу жүргізіп, оның нәтижесін фото және бейнематериалдармен растау талаптарын енгізу ұсынылған.

Аталған ұсыныстарды іске асыру жұмыстарының нәтижесінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті жаңа қағидаларды бекітті. Соған сәйкес 2026 жылдың басынан бастап субсидиялау саласындағы бақылау тетіктері айтарлықтай күшейтілді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *