BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ӨҢІРЛІК КАДР РЕЗЕРВІНЕ 26 ЖАС ІРІКТЕЛДІ

Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 15 маусымдағы №255 Жарлығына сәйкес, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және жастарға мансаптық өсуге қосымша мүмкіндік беру мақсатында өңірлік кадр резервін қалыптастыру жобасы жүзеге асырылуда. Аталған бастама аясында Жамбыл облысында іріктеу жұмыстары жүргізілді – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Өңірлік кадр резервін қалыптастыру 2023 жылдың тамыз айында облыстық кадр комиссиясының шешімімен іске асырылды. Іріктеу мерзімі, кандидаттар саны және салалық бағыттар өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен мемлекеттік басқаруды дамыту басымдықтарын ескере отырып, уәкілетті органмен келісім негізінде айқындалды.

Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және кемінде үш жыл еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатысты. Жалпы саны 478 үміткер құжат тапсырды.

Таңдау бірнеше кезең бойынша өткізілді. Алдымен кандидаттардың құжаттары қабылданып, заңнаманы білу деңгейі мен жеке қасиеттерін анықтауға арналған тестілеу жүргізілді. Кейін қатысушылардың құзыреттері бағаланды. Бұл кезең Астана қаласындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтті.

Бағалау барысында үміткерлердің белсенділігі, басқару қабілеті, мәселелерді талдау және шешу дағдылары, көшбасшылық қасиеті мен сенімділігі топтық және жеке тапсырмалар арқылы сараланды. Процесті сертификатталған сарапшылар бақылап, бағалау ұзақтығы 6–8 сағатқа дейін созылды. Нәтижесінде 39 кандидат құрылымдық сұхбат кезеңіне жолдама алды.

Сұхбат барысында үміткерлер өздері таңдаған салалық бағыт бойынша жобаларын таныстырды. Әр қатысушыға 5 минут уақыт беріліп, ұсынылған бастаманың мақсаты, іске асыру тетіктері, ықтимал қиындықтары мен күтілетін нәтижелері баяндалды.

2023 жылғы 26 тамызда өткен кадр комиссиясының қорытынды отырысында 25 кандидат өңірлік кадр резервіне қабылданды. Бұдан бөлек, Президенттік жастар кадр резервіне қатысты қолданыстағы талаптарға сәйкес, бір үміткер іріктеуден тыс негізде қосылды. Осылайша, өңірлік резервке жалпы 26 жас енгізілді.

Өңірлік кадр резервінде болу мерзімі – екі жыл. Резервке алынған азаматтар жергілікті атқарушы органдардағы бос лауазымдардың біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда, уәкілетті органның келісімімен конкурстан тыс негізде тағайындала алады.

Қазіргі таңда резерв құрамындағы 26 адамның 15-і мемлекеттік қызметке орналастырылған. Сонымен қатар, бос басшылық лауазымдар пайда болған кезде, қалған резервшілердің біліктілігі бірінші кезекте қарастырылып, тиісті қызметтер ұсынылуда.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *