BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМ ТАҚЫРЫБЫ ҚОРДАЙ АУДАНЫНДА ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қордай ауданында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен болып, ауданның зиялы қауым өкілдерімен алқалы кездесулер өткізді. Кездесу барысында республикалық референдумның қоғамдағы рөлі жан-жақты талқыланды – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Кездесу жаңа Конституция жобасын таныстыруға және қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталды. Жиынды Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев модераторлық етіп, саяси жүйені жетілдіру бағытында жүргізіліп жатқан реформаларға тоқталды. Ол референдумның стратегиялық маңызы мен қоғамдық келісімді бекітудегі рөлін атап өтті. Іс-шараға аудан әкімі Бегзат Болатбеков те қатысты.

Алғашқы сөз кезегі Қордай аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан Молдабековке берілді. Ол жаңа Конституция жобасының мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейтуге және қоғам мен мемлекет арасындағы жауапкершілікті арттыруға бағытталғанын жеткізді. Сонымен қатар, референдум азаматтарға мемлекет басқару ісіне тікелей қатысуға мүмкіндік беретінін, халық пікірінің ел болашағын айқындауда маңызын ерекше атап өтті.

Аудандық ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мықтыбек Алтыбай елдің ұлттық жаңғыру кезеңінде тұрғанын айтып, Конституция жобасының қоғамда қызу талқылануы белсенділіктің көрінісі екенін мәлімдеді. Ол референдумның қоғамдық келісімді нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті.

Кездесуге қатысқан этномәдени бірлестіктердің жетекшілері – «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің жетекшісі Камила Дургалова және «Отечество» бірлестігінің жетекшісі Любовь Харченко референдумның мемлекет үшін де, өз өкілдік ететін этнос топтары үшін де маңызды екенін жеткізді. Олар ұлттық бірлікті сақтау, мәдениет пен дәстүрді дамыту, жастар арасында патриоттық құндылықтарды қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Жалпы, спикерлер жаңа Конституция жобасының саяси жүйені жаңғыртудағы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтудегі және мемлекеттік басқару тетіктерін жетілдірудегі маңызын жан-жақты түсіндірді.

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев өз сөзінде республикалық референдумның демократиялық қағидаларды нығайтуға серпін беретінін айтты. Ол әрбір азаматтың дауыс беруі – мемлекет басқару ісіндегі жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның айқын көрінісі екенін атап өтті. Мәлік Отарбаев:

– Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде маңызды саяси науқан жүріп жатыр. Осы орайда Жамбыл облысындағы жұмыс сапарымды Қордай ауданынан бастауды жөн көрдім. Қордайдың тарихы да, ел дамуына қосып отырған үлесі де айрықша. Қоғам дамыған сайын заңнаманың жаңаруы – заңды құбылыс. Бұл үдеріс Ата Заңымызға да қатысты. Жаңа Конституция жобасы – еліміздің дамуындағы жаңа кезеңнің айқын көрінісі, тарихи маңызы бар құжат, – деді.

Кездесу Қордай ауданының мемлекеттік архивінің мәжіліс залында жалғасын тапты. Мұнда Мәлік Отарбаев аудандық мешіт имамдарымен пікір алмасты. Бас имам Азамат Берікұлы ел бірлігі мен тұрақтылығының маңызын, қоғамдағы татулықты сақтауда рухани құндылықтардың орны ерекше екенін атап өтті.

Жиын барысында референдумның ел болашағына тікелей ықпал ететіні, саяси тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам екені айтылды. Имамдар дін мен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайту жөнінде ұсыныстарын білдіріп, рухани келісімнің маңыздылығын атап өтті.

Кездесуде көтерілген тақырыптар мен пікірлер республикалық референдумның ел үшін маңыздылығын көрсетті. Жаңа Конституция жобасын талқылау қоғамның саяси белсенділігін арттырып, азаматтардың мемлекет тағдырына бейжай қарамайтынын аңғартады. Алдағы референдум әрбір азаматқа ел дамуының келесі кезеңін айқындауға қатысуға мүмкіндік беретін тарихи маңызды сәт болып отыр.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *