BASTY BETJAŃALYQTAR

ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВТЫҢ 180 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАС АҚЫНДАР МҮШӘЙРАСЫ ӨТТІ

2026 жылғы 25 ақпанда Жамбыл облысында ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған «Жыр жауһары – Жамбылым!» атты республикалық жас ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды. Іс-шараны облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ өткізді – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Мүшәйраның мақсаты – ақынның әдеби мұрасын кеңінен насихаттау, жастардың поэзияға қызығушылығын арттыру, шығармашылық әлеуетін дамыту және қазақ жыр дәстүрін жалғастыратын дарынды жас қаламгерлерді анықтап, қолдау.

Байқауға еліміздің әр өңірінен 18 бен 35 жас аралығындағы жас ақындар қатысты. Қатысушылардың шығармалары көркемдік деңгейі, тілдік шеберлігі, тақырыпты ашуы және сахналық мәдениеті бойынша қазылар алқасының бағалауынан өтті.

Мүшәйра екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар Жамбыл Жабаевқа арналған өлеңдерін оқыса, екінші кезеңде патриоттық бағыттағы туындыларын ұсынды.

Қазылар құрамында ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қ. Асанов, филолог, аудармашы, журналист, «Анаға тағзым» орталығының директоры Э. Мырза-Ғали, ақын, ТҮРКСОЙ халықаралық жазушылар одағының мүшесі Ү. Битенова, сондай-ақ ақын, Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі, Қазақстан Жазушылар одағының өңірлік өкілі Х. Есаман болды.

Байқау қорытындысы бойынша «Күләш Ахметова» атындағы арнайы жүлде Алматы облысынан Н. Кенжеғалиға, «Шерхан Мұртаза» атындағы жүлде Атырау облысынан С. Кәрімұлына табысталды. Үшінші орын Түркістан облысынан А. Әлібекке бұйырды. Екінші орынды Қызылорда облысынан Д. Сұлтанғали мен Жамбыл облысынан Ғ. Аблай иеленді. Бірінші орын Ақтөбе облысының өкілі А. Бекжановқа берілді. Ал бас жүлде Қызылорда облысынан қатысқан Б. Санақұлға тапсырылды.

Мүшәйраға қатысушылар алғыс хаттармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Жүлдегерлерге қаржылай сыйақы, арнайы мүсінше және дипломдар табыс етілді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *