BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ТАРАЗДА «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ КЕРУЕНІ ӨТТІ

Тараз қаласында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Заң мен тәртіп» профилактикалық керуені аясында қала тұрғындары мен жастардың қатысуымен ақпараттық форум ұйымдастырылды. Іс-шара қоғамдағы тәртіпті сақтау, құқықтық мәдениетті арттыру және түсіндіру жұмыстарын күшейтуді мақсат етті, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Форумның модераторы, қалалық Полиция департаментінің психологы Айжан Түктібаева жиынның жастар үшін маңызын атап өтіп, құқықтық сауаттылықты арттырудың қоғамға берер пайдасына тоқталды.

Шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Улана Сламбекова, қала прокуроры Нұржан Боранбаев, Полиция басқармасының бастығы Ардақ Мадимаров, білім беру ұйымдарының өкілдері мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Кездесу барысында Жамбыл облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Мұхаммед Қошмағанбетов тұрғындарға интернет-алаяқтық пен кибербуллингтен қорғану тәсілдерін түсіндірді. Сонымен бірге Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Диляфруз Кинжеханова зорлық-зомбылықтың алдын алу және көмек көрсету тетіктерін баяндады.

Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Зарифжан Юсупов радикалды идеологияның алдын алу шараларын түсіндірсе, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Айгерім Каукешова есірткіге тәуелділіктің қауіптері мен одан сақтану жолдары туралы ақпарат берді.

Форумда қала тұрғыны да сөз алып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғындар мен құқық қорғау органдарының бірлескен әрекетіне байланысты екенін жеткізді.

Шара барысында кинолог мамандары қызметтік иттердің көмегімен қылмыстарды анықтау тәсілдерін көрсетіп, қатысушылардың қызығушылығын оятты.

Форум аяқталған соң мобильді топ арнайы керуен автобусымен қала көшелерін аралап, тұрғындарға дауыс зорайтқыш арқылы профилактикалық үндеулер жасады.

«Заң мен тәртіп» профилактикалық керуені өңірде алдағы уақытта да жалғасын табады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *